Ауладағы қар үйінділері үшін кімдер жауапты?
Кейбір бизнес нысандарының иелері қарды уақытында тазалағанымен, үйінділерді әкетпейді. Салдарынан олардың биіктігі бірнеше метрді құрайды. Заң бойынша кәсіпкерлер өздеріне тиесілі ғимараттың 5 метр аумағын тазалықта ұстау қажет. Тәртіп сақшылары ескерту хаттамасын толтырды. Жақын арада шығармаса, айыппұл салады. Бизнестен бөлек ПИК-тердің жұмысы да назарға алынды. Қызмет көрсетуші ұйым қар үйінділерін шығару үшін міндетті жинақ қорын пайдалана алады. Басқа жағдайда тұрғындардан қосымша қаражат жинайды. Осы ретте, павлодарлықтар ауладағы жағдайды сынға алды. Айтуларынша ПИК жұмыс жасамайды. Аула сыпырушылар шамалары келгенше тырысады. Алайда нәтиже жоқ дейді. Сондықтан тәртіп сақшылары рейдтік шараларды күнделікті ұйымдастырмақ. Қар үйінділерінен бөлек, тайғанақ баспалдақтар, жаяужолдар мен шатырдағы мұз сүңгілерін анықтайды.
- Аталмыш бап бойынша ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Хаттамалардың басым бөлігі көп уақыт шығарылмай жатқан қар үйінділеріне қатысты. Адамдардан шағымдар әлеуметтік желілер арқылы келіп жатады. Әкімшілік жаза өздеріне тиесілі жер аумағын таза ұстамағандарға қатысты қолданылады, - деді Павлодар қаласы ЖПҚ басшысының орынбасары Нұрлан Нұртаев.
Жыл басынан абаттандыру ережесін бұзу бойынша 600-ге жуық хаттама толтырылды. Олардың 10-ы бойынша 518 000 теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылды.

