• Басты бет
  • Қоғам
  • Аутоиммунды қызыл жегімен ауыратын Аружан Касенованың еміне 4,5 миллион теңге қажет

Аутоиммунды қызыл жегімен ауыратын Аружан Касенованың еміне 4,5 миллион теңге қажет

17 жастағы Аружанда аутоиммунды қызыл жегі. Көктемде ауруы күшейгендіктен ақ халаттылардың көмегіне жүгінген. Алайда Павлодарда диагнозын қоя алмағандықтан Нұр-Сұлтан қаласында тексерістен өткен. Ауруы анықталған соң емдеуді бастаған.

- Қазақстанда гормондық дәрілермен емдейді. Олар қатты әсер ететіндіктен жанама әсерлері өте көп. Қазір шашын, асқазанын, бауырын зақымдауда. Ремиссияға жеткізген соң тек бақылайды. Мұндай аурумен ауыратындардың 90 пайызы 10 жыл өмір сүреді деп оқыдым. Мен баламның ұзақ өмір сүретін ондыққа кіреді ме, жоқ па қарап отырғым келмейді, - дейді Аружанның анасы Ләззат Касенова.

Қазір Аружанға денсаулығына байланысты қашықтықтан оқуға тура келеді. Жақын арада мүгедектігін рәсімдемек. Бұған дейін бойжеткен түрлі спортпен айналысқан.

- Алдағы уақытта толық жазылған соң спортқа оралғым келеді. Конкурстарға барып, түрлі шараларға қатыссам деймін. Қазір мұның барлығынан шектеулімін. Үйде отыруға тура келеді, - дейді Аружан Касенова.

Қазіргі таңда Аружанды украиналық мамандар қабылдауға дайын. Анасының айтуынша олардың емдеу тәсілі басқаша. Бастысы гормондық дәрілерсіз. Қазір отбасыға Украинаға аттану үшін 4,5 миллион теңге қажет. Бүгінде қаңтардың екісіне шақырту алған. Сондықтан қайырымды жандардан көмек күтеді.

 

Авторы: Арнагүл Исабекова