Автобуста қабырғасын сындырған қария сотқа жүгінбек
Оқиға осыдан бір апта бұрын орын алған екен. Валерии Борисенко әдеттегідей 22-ші бағыттағы автобусқа отырып, өз аялдамасынан түсемін деп көліктің тоқтауын күтеді. Жүргізушінің кенеттен тежеліс жасауы салдарынан қария үлкен жылдамдықпен тұтқаға барып соғылады.
- Соғылып, бүгілгенім соншалықты, тұтқаны тез арада ұстап қалмасам, омыртқам сынып кетер еді. Содан қорықтым. Қабырғам қатты ауыра бастағанын сездім. Жүрегім айнып, ауырғаннан ыңырси бастадым. Кондукторға қабырғам сынды десем, ол тұтқаны дұрыстап ұстау керек деп жауап берді де қойды. Сөйтіп, әзер дегенде аялдамаға түсіп, есімді жиғанша, жалғыз өзім тұрдым да қалдым, - деді Валерий Борисенко.
Автобус бұл жағдайға үлкен назар салмай, қозғалысын жалғастырады. Аялдама қасында жүре алмай қалған қарияға сол жерде орналасқан кеңсе қызметкерлері жедел көмек көрсету бригадасын шақырып, ер адамды ауруханаға әкетеді. Рентген Валерий Васильевичтың қабырғасы сынғандығын растайды. Оған қоса мұрнын жарақаттайды. Медициналық анықтамасымен бірге зейнеткер полицияға арыз жазып, автобустағы жағдай жайлы шағымданады.
- Аталмыш дерек Павлодар қаласы солтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша, соңғы процессуалдық шешім шығарылады, - деп атап өтіт Павлодар қаласы ПБ солтүстік полиция бөлімінің инспекторы Бауыржан Ханафин.
Зейнеткердің айтуынша ол автобустардың үлкен жылдамдықпен асығыс жүріп, кенет тежеліс жасауына бұрын да кез болған. Әсіресе саяжайдан жүк көтеріп келе жатқан қариялар мен жеңіл салмақты жасөспірімдерге қиын соғады дейді.
- Қариялар мен балалар, яғни мықты физикалық дайындығы жоқ адамдарға автобуста жүру қауіпті деген тұжырым қалыптасқан сыңайлы. Тұтқаны дұрыстап ұстаңдар дейді олар. Көлік тез тоқтағанда жолаушылардың әрлі-берлі соғылуы күнделікті жағдайға айналған. Тек осы жолы мен зардап шегіп отырмын. Жарақат алғаным үшін, олар маған өтемақы төлегенін қалаймын. Қазір полиция шешімін күтемін, - деді қарт.
Өмір бойы өндірісте адал жұмыс істеген қария автобус ішіндегі жағдайды бетпақтық дей отыра, әділдік үшін сотқа дейін баруға дайын екендігін жеткізді. Әзірге Валерий Борисенко күйзеліс пен алынған жарақаттардан айығуға тырысуда.

