Аз қамтылған отбасыларға елу мың теңге беріле бастады

Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясына бүкіл ел бойынша тағы 100 000 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға елу мың теңге көлемінде қосымша атаулы төлемдер ұйымдастыруды тапсырған еді. Осы орайда, Павлодар өңірінде 6652 адамға 238 миллион теңге көлемінде демеу көрсетіліп, жұмыстар жалғасуда.  Барлығын қамту мүмкін емес, сол себепті әлеуметтік қорғау қызметінің көмегіне жүгіну маңызды.

 

- 50 000 теңге көлемінде қаржылай көмек тек бір рет беріледі. Ешкімге екінші рет ұсынылмайды. Бұған бюджеттік қаражат жұмсалмайды. Біз барлығын әлеуметтік қорғау бөлімдерімен кеңесе отырып ұйымдастырамыз. Олар ұсынады, соған сүйене отырып, төлемді жөнелтеміз. «Nur Otan» тізімді жасамайды. Бірақ, бізге келіп көмек сұраған мұқтаж азаматтарды бұл демеуге іліктіруге тырысамыз. Көмек шынымен де, қажет деген жандарға жету керек, - деді «Nur Otan» партиясы ПОФ төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко.

 

Шараның 5-ші толқыны аясында мұқтаж мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер мен жетім балаларға демеу жасалады. Осы уақытқа дейін,  игі іс-шара аясында  Павлодар облысында 336 391 адам  әлеуметтік төлемақыға ие болды. Оған жалпы 1 миллиард 846 миллион 550 мың теңге жұмсалған еді.