Ақсу өңірі бойынша мыңнан астам адам екпе алып үлгерген

Бүгін емханаға коронавирусқа қарсы екпе алуға келгендердің қарасы қалың. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Вакцина салғызар алдында жіті тексеруден өту міндетті шара.

 

- Бүгінгі таңда бүкіләлемдік ахуал кезінде вакцина алу маңызды деп шештім, өзім үшін. Бұл қауіпсіздік, тек ғана жұмыста ғана емес, қоғамдағы қауіпсіздігіміз үшін, өзіміз үшін. Ертең үйде аға-қарындастарым бар. Аға апаларым бар. Сол үшін вакцина алу өте маңызды іс деп ойлаймын, - дейді Ақсу қаласы әкімдігінің ұйымдастыру бақылау бөлімінің басшысы Мирас Алпысбаев.

 

Ақсу өңірі бойынша бес екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. Мұндағылардың көбісі зауытта еңбектенетіндіктен біреуі өндіріс ошағы аумағында орналасқан.  Бүгін мемлекеттік қызметкерлермен қатар қала басшысы Нұржан Әшімбетов те өзіне вацина салдырды.

 

- Вакцинаны сақтап, тасымалдайтын тоңазытқыш контейнерлер жеткілікті. Себебі вакцинаны сақтау тәртібі бар. Қалқаман, Жолқұдық секілді ірі ауылдардың  тұрғындарына барып тұрып сала аламыз. Егер жаппай егу басталған жағдайда Ақсу қалалық ауруханасының аумағында резервте тұрған екі екпе кабинеті бар. Бұған дәрігерлік амбулатория мамандары да сақадай сай, - деді Ақсу қалалық ауруханасының директоры Мақсат Мұқашев.

 

Жалпы Ақсу өңірі бойынша осы уақытқа дейін бірінші компоненттің 1400 дозасы салынған. Олардың басым бөлігі медициналық қызметкерлер болса қалғандары педагогтер, құқық қорғау органдары өкілдері мен қарапайым тұрғындар. Алда мұнда әлі үш мыңға жуық доза жеткізілмек.