Ақсудағы Үштерек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
Республика күні қарсаңында Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылдық округінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты түрде есігін айқара ашты деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Заманауи нысанның құрылысына 441 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жобаға Ақсу қалалық құрылыс бөлімі тапсырыс беріп, бас мердігер «Промжилстройкомплекс» серіктестігі ғимаратты барлық талапқа сай сапалы тұрғызып шықты.
Жалпы аумағы 812 шаршы метрді құрайтын кешен ауыл балаларының алаңсыз шынығуына толық бейімделген. Мұнда кең әрі жарық әмбебап жаттығу залы, арнайы күрес залы және үстел теннисі бөлмесі қарастырылған.
Жаңа кешен ашыла салысымен жергілікті өрендердің сүйікті орнына айналып үлгерді. Қазірдің өзінде мұнда 107 бала тұрақты жаттығуға кірісті. Атап айтсақ, 58 оқушы төл өнеріміз — қазақша күрестің қыр-сырын меңгеріп жатса, 49 жасөспірім дзюдо бозкілемінде шеберлігін шыңдауда.
Ауылдағы спорт тынысы мұнымен шектелмейді. Жақын арада қыз балаларға арналған «Бес асық» ұлттық ойын секциясы ашылады. Жаттықтырушымен барлық келіссөздер жүргізіліп қойған. Сонымен қатар тұрғындардың сұранысы мен таңдауына қарай волейбол немесе баскетбол үйірмесін қосу жоспарда бар.
Бұл кешен ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, үлкен спортқа жол тартуына берілген зор мүмкіндік. Енді Үштеректен де ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар шығатыны сөзсіз.
фото: gemini.google.com ЖИ арқылы жасалған

