Балалар көркемсурет мектебі жанында жаяуларға арналған жолақ жоқ
Марат Қосшығұловтың айтуынша мұнда әсіресе көркемсурет мектебінің балалары көп жүреді. Жаяулар жолағы болмағандықтан олар үшін жолдан өту қауіпті.
- Жол теліміне жаяуларға арналған жолақ пен жылдамдықты шектейтін белгі орнату керек. Себебі балалар көркемсурет мектебінен шыққанда бірден жол тұр. Мына жерде «Абайлаңыз балалар!» деген белгі бар. Дегенмен де кейде жүргізушілер елемейді, - деді Усолка мөлтек ауданының тұрғыны Марат Қосшығұлов.
Белгі орнатуды қажет ететін жол теліміне полицейлер де келіп, аумақты қарап шықты. Ал жақын маңдағы жүргіншілерге арналған жолақ тым алыста орналасқан. Тәртіп сақшылары шынымен де белгі қажеттігін растады.
- Бұл жол балалар үшін қауіпті екеніне көз жеткіздік. Көшеден өтіп, автобус аялдамасына бару шынымен қауіпті. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органға, ТҮКШ бөліміне жаяулар жолағын, жол белгілерін орнату жөнінде жазбаша өкім дайындаймыз, - деді Павлодар облысы ПД ӘПБ ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Бауыржан Макашев.
Тәртіп сақшылары сонымен қатар аталмыш жол теліміне жасанды кедергі орнатылатынын жеткізді. Биылғы мердігер анықталған. Мәселенің жақын уақытта шешілуін қадағалаймыз деп сөз берді.