Балалары аутизмге шалдыққан ата-аналар бас көтерді

Бұл әйелдердің уайымы бір. Барлығының балалары түрлі дертке шалдыққан. Барканова Олесяның айтуынша ұлы бала кезінен мүгедек. Ал ол 16  жасқа толған кезде аутизм диагнозын шизофрениялық ауытқушылық дегенге алмастырған. Сәйкесінше жасөспірімге автоматты түрде мүгедектіктің екінші тобы беріледі. Бұл ретте күтушісі ретінде отырған әйелдер жәрдемақыдан айрылады. Бұл - шамамен 50 мың теңге.

 

- Ментальдық ауытқушылықтары бар балалалар өздігінен жүріп тұра алмайды. Өздері киініп, тамақтана да алмайды. Олардың жанында өмір бойы біреу көмектесіп жүру қажет. Неге оның ата-анасына жәрдемақы өмір бойы төленбейді. Баланың тобын ауыстырғанымен, ауытқушылықтар сол күйінде қала береді ғой, - дейді Олеся Барканова.

Ал Людмила Золотых: «Мүгедек бала 18 жасқа толғанда ол үшін барлығы тоқтап қалады десе болады. Қамқоршысына ақша төленбейді. Сәйкесінше тек оның жәрдемақысына күн көруге тура келеді. Ал массаж, оңалту, емдік дене шынықтыру, барлығы енді тегін емес, ақылы. Бұрын мен жәрдемақы алғанда ақша жететін. Ал қазір әрі қарай не істерімді білмеймін», - деп ағынан жарылды.

 

Денсаулық сақтау басқармасында аутизм деген диагноз тек 18 жасқа дейін ғана қойылатындығын жеткізді. Одан кейін ол басқасына ауыстырылады. Ал жасөспірімге нешінші топ мүгедектігі тағайындалатынын сарапшылар комиссиясы шешеді.

 

- Ментальды ауытқушылықтар балада 18 жасқа дейін, 18 жастан кейін де сақталады. Сарапшылық жұмыстар яғни мүгедектікке байланысты сұрақтармен медико-әлеуметтік сараптамалық комиссия айналысады. Денсаулық сақтау басқармасы яғни дәрігерлер диагноз қойып, ем тағайындайды. Сараптамалық жұмыстарды комиссия шешеді, - деді Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы психиатриялық қызметі бас дәрігерінің орынбасары Виктория Ефимова.

 

Денсаулық сақтау басқармасында қазіргі таңда аутизм диагнозымен Павлодар облысы бойынша 173 бала есепте тұрғанын айтты. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бұл тәжірибе еліміз бойынша бар екенін айтты. Бірінші топ мүгедектігін тек арбаға немесе кереуетке таңылған адамдарға ғана береді. Болашақта заң өзгеруі мүмкін. Оған дейін баласы аутизмге шалдыққан аналарға өздеріне амалдауға тура келеді.