Баспалдақтың орнына – сырғанақ

Орталық жағажайда тәуліктің кез келген сәтінде серуендеп жүрген адамдарды кездестіруге болады. Биылғы қарлы қыстың салдарынан мұндағы баспалдақтар нағыз сырғанаққа айналды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оған балалар ғана мәз. Алайда аса қауіпті, қоршауға барып соғылып мертігуі әбден мүмкін екен. Бір жерін тазаласа, екінші жері мұз болып жатыр дейді тұрғындар. Ал қала әкімдігінің айтуынша, қар тазалау жұмыстары екі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі бұл көлік және адамдар жүретін жолдар болса, екіншісінде саябақтар. Күнделікті аталмыш жұмыстарға 160 техника бірлігі мен соншама адам жұмылдырылады екен.

 

- Қазіргі уақытта саябақтар мен орталық жағажай толықтай қардан тазаланды. Жұмыстар кәсіпкерлер үйінен бастап су-құтқару бекетіне дейінгі аралығында жүргізілді. Барлық баспалдақтар мен жолдар таза. Қар көлемінің көптеп түсуіне байланысты мәселе болды, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Айта кетсек, қала көшелерін тазалау жұмыстарына екі мердігерлік ұйым жауапты. Қыс басталғалы полигонға 260 мың тонна қар шығарылды.