Баспана жаңа, бірақ желтөлесі суға толы

Павлодарлықтар жазда Шөкин көшесіндегі көпқабатты үйдің кілттерін қолдарына алған. Бірақ қуаныштары ұзаққа созылмады. Біріншіден, жертөледе су ағып жатқаны анықталған. Адамдар құрылыс бөліміне, мердігерге және әкімдікке хат жазып барлық инстанцияларға жүгінген, алайда ешкім бет бұрмапты.

 

- Үйді екі жағынан су шайып жатыр. Артқы жағында кәріз құдығынан, алдыңғы жағынан саңылау тауып жертөлеге құйылуда. Білуімізше, тұрақ маңын жөндеместен жәй  көме салған. Қазып жатқан кезіндегі сурет бар, онда судың ағып жатқаны анық байқалады. Бірнеше ай болды, бармаған жеріміз жоқ, - деді Шөкин көшесіндегі №150/2-үйдің тұрғыны Юлия Тусупбаева.

 

Тұрғындардың сөзінше жаңа құрлыс ескі желілердің үстіне салынған. Ақауды ретке келтіргені белгісіз, бірақ, жертөлеге құйылған сулардан желінің жөнделмегені аңғарылады. Егер осылай жалғаса берсе, келесі жазда жертөлемен іргетас жарасыз күйге келуі мүмкін дейді адамдар. 

 

- Шөкин көшесіндегі 150/2 -ге дейінгі аумақ мердігердің кепілдік қызметінде. Қазіргі уақытта желідегі зақымға байланысты үйдің жертөлесіне су кіруде. Мердігер ұйымның мамандары бұл мәселемен айналысып жатыр. Зақымданған жердің сипаты мен орны анықталғаннан кейін ол реттеледі, - дейді Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Айтпақшы, жаңа қоныстанушылардың құрылыс салушыға шағымдары айтарлықтай. Қисық едендер, қабырғалар, төбелер және жарықшалар жетерлік. Тіпті үй есіктерін өз қаражаттарына ауыстырыпты. Тұрғындар үйдің әлеуметтік екенін біледі, бірақ неліктен бәрін қисық салғанын түсінбеуде.

 

Авторы: Бекбол Мырзахан.