• Басты бет
  • Қоғам
  • Баянауылға келетін туристер саны 400 мыңға дейін жетуі мүмкін

Баянауылға келетін туристер саны 400 мыңға дейін жетуі мүмкін

Жасыбай көлінің жағасында туристік маусымның ашылу салтанаты өтті. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов туристік-ақпараттық орталық жұмысымен танысты. Биыл Баянауылға 120 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Экологиялық кеңес жиынында облыс әкімі туристерді қызықтырудың жаңа амалдарын іздеу қажеттілігін нұсқады.

 

-Туристердің 90%-ы не үшін Баянауылға барады? Жұрт демалыстан керемет әсер алғысы келеді. Бұл жағдайда, жалғыз көлмен таң қалдыру қиын. Туризмнің жаңа жолдарын іздеуміз қажет. Міне, фитотуризм жайлы ұсыныс жасалуда. Сол сияқты бастамаларды талқылып, жаңа идеяларды жүзеге асыру маңызды,-деп ойымен бөлісті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Отырысқа қатысқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова Баянауылда Жасыбайдан басқа көлдерде демалыс аумағын дамыту керектігін айтты. Ал туристердің нақты санын анықтау үшін кірберістерде шлагбаумдарды автоматтандыруды қолға алынды. Курорт жұмысын ретке келтіру үшін, келушілердің статистикасын білу маңызды. Алдағы жылдары олардың саны артпақ.

-Мемлекеттік туристік сала даму бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін Баянауылға жыл сайын демалуға келушілердің саны 400 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Жүктеме артады, сәйкесінше, курорттық аймақ пен аудандағы инфрақұрылымда арттыру бірінші орынға шығады,-дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Облыс әкімі демалыс аймағын заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, су қорғау аймағында малдың жайылуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдап, Баянауыл ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын құру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді тапсырды.