• Басты бет
  • Қоғам
  • Бектұров көшесі үй тұрғындары сау ағаштарды кесіп, қоқыс үйінділерін жинамаған коммуналшыларға шағымданды

Бектұров көшесі үй тұрғындары сау ағаштарды кесіп, қоқыс үйінділерін жинамаған коммуналшыларға шағымданды

Он күн бұрын ағаш бұтақтарын кесіп, қалдықтарды уақытында әкетпеген. Бектұров көшесінің тұрғындары осындай шағыммен жүгінді. Адамдар коммуналшылар ауланың көркін бұзғаны туралы айтуда.

 

Ак Бектұров 15 мекенжайының тұрғындары бір ай бұрын ауладағы ағаштардың бұтақтарын кесуге өтініш қалдырған. Жуырда мердігерлік ұйым өкілдері келіп, санитарлық тазалық жұмыстарын орындаған. Алайда, адамдар сау ағаштарды толықтай кесіп тастады дейді. Және олардан қалған бұтақтарды 10 күн бойы ешкім әкетер емес.

 

- Біздің аулада әйнекке тиетін бұтақтар болған. Біз соларды кеседі деп ойладық. Бірақ олар келіп барлық сау ағаштарды жоя бастады. Енді ауламызда көлеңкелі жер жоқ. 10 күн бұрын кескен болатын. Қазір ауламыз қоқыс орнына айналғандай. Бұтақ қалдықтарын ешкім әкетуге асықпайды, -дейді Ак. Бектұров көшесіндегі №15-үйдің тұрғыны Любовь Стрельцова.

 

Коммуналшылар болса, ағаш бұтақтарын кеспес бұрын экологтер мен дендрологтердің тұжырымдамасын күтеді. Сарапшылар көшеттердің жағдайын тексеріп, шешім қабылдайды. Сондай-ақ, мамандар ағаш қалдықтарын шығару бойынша мәселе бар екенін жасырмады.

 

-Аталмыш мекенжай бойынша иә, біздің мердігерлік ұйым ағаштардың санитарлық тазалығын орындаған болатын. Бұтақ қалдықтарын бірден сол күні шығару кей кездері мүмкін болмай жатады. Себебі жұмыстардың көлемі үлкен болады. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда,-деп мәлім етті Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайынов.

 

Айта кетсек, биыл Павлодардағы ағаштардың санитарлық тазалығына 150 миллион теңге бөлінді. ТҮКШ бөліміне жыл басынан 200-ден аса өтініш келіп түсті. Бұтақтарды кесумен биыл бір мердігерлік ұйым айналысуда. Жұмыстар күз мезгілінде де жалғасады.