Бетті тұмшалауға тиым: Павлодарда полицейлер заң нормасын түсіндірді
12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киім киюге тыйым салатын норма күшіне енді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тыйым адамның бетін тануға кедергі келтіретін гардеробтағы кез келген заттарға қолданылады.
-Олардың қатарына никаб, бурка, балаклава, медициналық маскалар (медициналық көрсетілімсіз), сондай-ақ басқа да бетті жабатын құралдар кіреді. Мұндай заттар бейнебақылау жүйелері мен бет-әлпетті тану технологияларының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, қылмыстарды ашу мен құқық бұзушылықтарды тергеуді қиындатады. Кей жағдайларда күдіктілер ұрлық, тонау, алаяқтық және өзге де заңсыз әрекеттер жасау үшін әдейі бет-жүзді жабатын киімді пайдаланады. Алайда тыйым тұлғаның жүзін ашық қалдыратын дәстүрлі, діни немесе ұлттық киімге қатысты емес. Рұқсат етіледі: хиджаб, шейла, химар, аль-амира, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД.
Тәртіп сақшылары, аталған шектеу дінге немесе мәдениетке қарсы бағытталмаған, ол тек қана қоғамдық орындарда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы барысында тұлғаның айқын көрінуін қамтамасыз етуге арналғанын атап өтті.
- Полиция халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізуде. Полицейлер жаңа заң нормаларын түсіндіріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беруде және құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыс атқаруда,-делінген Павлодар облысы ПД хабарламасында.
фото: Freepik.com
