Биыл Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл

Семей ядролық полигонындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды, ал ресми түрде қауіпті аймақ 1991 жылы жабылды. Осы бағытта қажырлы еңбек атқарған қайраткер павлодарлықтармен онлайн кездесті.

- Бұл бірінші кезекте халықтың қалауы, баршамыз жұмыла полигонды тоқтаттық, біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек, әсіресе жастар, себебі сол жылдар кезінде жұмсалған күш қайраттың арқасында қазіргі ұрпақтарымыздың бейбіт, сау өмір сүруде, - деді қоғам қайраткері, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы Олжас Сүлейменов. 

Полигон жабылғаннан бері 30 жылдың жүзі өтті, бірақ оның салдары әлі де сезілуде. Павлодар қаласының әкімі атап өткендей, қалада ядролық сынақтардан зардап шеккен 176 адам тіркелген. Жылына бір рет мемлекет оларға 20 АЕК төлем ақы түрінде қолдау көрсетеді. Бүгінде бұл 58 мың теңге. Кездесу соңында "Невада-Семей" қозғалысының белсенділеріне мерейтойлық медальдер табыс етілді. Аталмыш датаға орайластырылған шара Достық үйінде жалғасты. Мұнда ардагерлердің еңбегін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова атап өтіп марапат табыстады.

- 1983-1985 жылдары біз учениеде болдық Қашаған, Курчатовта. Жарылыстан кейін бізді сол жаққа жіберіп жарылған ойларды біз танкпен жауып жүрдік. Сол кезде біз білген жоқпыз, 17-18 жасар балалармыз. Содан алған неше түрлі жарақаттар бар, - деп атап өтті Кенжекөл ЖОББМ әскери жетекшісі Теміртай Тайкебаев. 

Семей ядролық полигоны қырық жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Тәуелсіз Қазақстан елі әлем көлемінде алғаш болып жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімен бас тартқан болатын. Бұл - бейбіт өмірге жасаған ең ұлы қадам.