Болашақ журналистер Ирбис телекомпаниясына қонаққа келді
Оқу-өндірістік комбинатының тәрбиеленушілері телекомпанияның жұмысымен танысып қана қоймай, телевизияның тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп, өздерін телехабар түсіру процесінің қатысушысы ретінде сынап көрді.Бұл оқушылар үшін телестудияның үйреншікті декорациялары нағыз жаңалық болды. Бұған дейін экранның ар жағында не болып жатқанын сырттай ғана бақылап келген мектеп оқушылары енді телевизия әлемінің дәл ортасына түсті. «Ирбис» телеарнасы болашақ журналистер мен блогерлерге есігін айқара ашты. Экскурсия телевизия әлемімен танысудан басталды. Мұнда әрбір заттың өзіндік міндеті бар. Ал эфирдегі бірнеше минуттық хабардың артында тұтас бір кәсіби мамандар тобының еңбегі жатыр. Әсіресе, оқушылардың қызығушылығын телевизиядағы ерекше технологиялардың бірі – хромакей оятты. Көрермен дайын эфирден көп байқай бермейтін жасыл фонның мүмкіндігі шексіз. Оның көмегімен студиядан шықпай-ақ, кез келген жерде жүргендей әсер қалыптастыруға болады.
Экскурсия оқушылар үшін танымды ғана емес, шабытқа толы кездесу болды. Бүгінде журналистика мен блогингке қызығушылық танытып жүрген жасөспірімдер үшін мұндай мүмкіндік мамандықтың қыр-сырын жақынырақ танып, оның ерекшеліктерін түсінуге жол ашады. Бәлкім, бұл кездесуден алған әсер болашақ медиамамандардың кәсіби жолындағы алғашқы қадамына айналар.
-Осында келгеніме өте қуаныштымын. Маған мұнда бәрі ұнады. Ақыры монтаждау бөлмесін, подкасттардың қалай жазылатынын, тележүргізушілер мен редакция қызметкерлері қай жерде жұмыс істейтінін өз көзіммен көрдім. Мұның бәрі мен үшін өте қызықты болды, - дейді Дарья Гончаренко.
Бүгін «Ирбис» телеарнасына қонаққа келген оқушылар ертең камераның арғы жағынан көрініп, журналист, жүргізуші немесе өз бағдарламаларының авторы атануы да мүмкін. Ал әзірге жас қонақтар үлкен телевизия әлемімен танысудан алған жарқын әсерлерін, жаңа білімдерін және кездесуден естелікке қалған фотосуреттерін ала кетті.

