• Басты бет
  • Қоғам
  • Былтыр қыста суық болған көп қабатты үйлердің жылу маусымына дайындығын алпауыт өз қолына алады

Былтыр қыста суық болған көп қабатты үйлердің жылу маусымына дайындығын алпауыт өз қолына алады

Облыс бойынша биыл жылу желілерінің 12,4 километрі жөндеуден өтуі қажет болған. Бүгінде жұмыстар 5,6 шақырымда аяқталды. Павлодарда салынып жатқан №42 жылу магистралі және №6 сорғы станциясы қыркүйектің 15-не дейін аяқталуы қажет. Көпқабаттылардың дайындығы да жіті бақылануда.

 

- Біздің тараптан барлық қызмет көрсетуші ұйымдарға ағымдағы айдың соңына дейін жылыту маусымына дайындық жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Кідіріс желілердегі гидравликалық сынақтарға байланысты орын алуда. Үйлердің көбісі қайнақ суды күтуде. Себебі желі толықтай ыстық сумен жуылып шайылады. Бұл сұрақтар біздің бақылауымызда, - дейді Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қанат Желдібаев.

 

Өткен қыста облыс орталығындағы жылу жетіспеген 319 көпқабатты үйге биыл алпауыт қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, кәсіпорын мәселелі көпқабаттылардың үйішілік желілерімен де айналысады.

 

- Бұл қызмет түрлеріне үй ішіндегі желілердің күтімі кіреді. Мұның арқасында жертөлелерде тәртіп болады. Жуу шаю, ішкі дроссельдің жағдайы, арматура және жөндеуді қажет ететін құралдарды алмастырумен айналысамыз, - деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС басшысы Марат Иманаев.

 

Бұл жұмыстарға жұмсалатын қаражат әр үйге сараланған түрде есептеледі. Алпауыт мамандарының тексерісінен кейін қажетті жұмыстардың тізімі құрылып, тұрғындармен келісім жасалады. Алпауыт орындайтын шараға кез келген көпқабатты қатыса алады. Жұмыстардан кейін шағымдар пайда болса, жұмсалған қаражат тұтынушыға қайтарылады деп сендірді.

 

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.