• Басты бет
  • Қоғам
  • Бір ай бұрын Ертістен табылған адамның жақ сүйегіне қатысты тың ақпараттар белгілі болды

Бір ай бұрын Ертістен табылған адамның жақ сүйегіне қатысты тың ақпараттар белгілі болды

Адамның жақ сүйегін сәуір айында өзен жағасында демалушылар тауып алған еді. Оқиға орнына бірден полиция мен құтқарушылар келді. Оны жедел сараптамаға алып кетті. Бүгін қалдықтың криминалға қатысы жоқ екені анықталды.  Еріктілер сол кезде бұл сүйек көптен бері іздеуде жүрген адамдардың біріне тиесілі болуы мүмкін деп болжаған еді. Алайда бұл пікір расталмады.  

 

- Археологиялық зерттеулер орталығының сараптамасы қорытындысына сәйкес адамның сүйек қалдықтары су мен топырақтың асында көп жатқаны көрінеді. Қалдықтардың қоңыр қара түсі оның бұрынғы жерлеу орнынан екендігін, және  қола дәуірі немесе ежелгі темір ғасырына тиесілі екенін айғақтайды. Оның біздің уақыттағы криминалдық оқиғаларға қатысы жоқ, - деді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Белялова.

 

 

Сүйек қалдықтарын әрі қарай ғалымдар зерттейді. Әзірге қолда бар сараптама қорытындысы бойынша ол екі жарым - үш мың жыл бұрынғы адамға тиесілі болуы ықтимал.

 

- Сүйекке қарағанда ол 35-40 жастағы ер адамға тиесілі. Тісі өте жақсы сақталған. Бұл мүмкін жақсы тамақтанғаннан болар. Мүмкін өзінің физиологиясына да байланысты, - деді археолог Виктор Мерц.

 

Ал бұл адамның неден көз жұмғанын археологтар айта алмайды. Ежелгі адам болғандықтан кісі қолынан өлуі де әбден мүмкін. Ал судан табылуы - кездейсоқтық.