Депутат: «Бұл мәселені республикалық деңгейге шығару қажет»
Бүгін олар өз өтінішін облысымызға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына жеткізді. Бұл мәселелерден бөлек, халық қалаулары баласына ем іздеп, талай мекеменің табалдырығын тоздырған ананың жан айқайын тыңдады.
Айнаш Шалғымбаева - мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана. Әйел адамның айтуынша, бар қиындықтар сәби 3 жасқа келгенде басталған. Бала жылдам салмақ қосып келеді, салдарынан тіпті жүруден қалыпты. Жасы 9-ға келсе де дәрігерлер оның қандай ауруға шалдыққанын анықтай алмай отыр.
- Менің балам мүгедек, баламда гармондық өзгерістер болып жатыр. Дәрігерлер ештеңе білмейді. Ешқандай қимыл да жасаған жоқ. Мен 2020 дылдың 18 қыркүйегінде облыс әкімі Сқақовтың жеке қабылдауында болдым, бірақ менің мәселем шешілмеді, - дейді Айнаш Шалғымбаева.
Шарасыз қалған ананың айтуынша, ақ халаттылар қажетті медициналық көмек көрсетпей келеді. Баласының диагнозын анықтау мақсатында бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Мәжілісмендермен кездесуге де жан айқайын жеткізіп, қандай да бір шешім табады деген үмітпен келіп отыр.
- Облыс әкімінің тапсырмасымен консилиум өткізіліп, бірақатар тексеріс жүргізілді. Бірақ нақты диагноздың қойылмағанына қарағанда олар тиісті нәтиже көрсетпеген көрінеді. Сондықтан, менің ойымша бұл мәселені республика деңгейіне шығарып, оның шешімін табуға тырысуымыз қажет, - деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Нүркина.
Айнаш Шалғымбаеваның мәселесінен бөлек, кездесуге ерекше бала тәрбиелеп отырған ондаған ана келді. Халық қалаулары әрқайсысын тыңдады. Барлығының бастарындағы мәселе әр түрлі болғанымен шешімі бір – оларды тек қабылданған заңнамаларға өзгерту енгізіп шешуге болады дейді. Қатарында тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімін кеңейту, мүгедектік санатын қайта қарастыру сияқты мәселелер бар.
Авторы: Аида Адрахова