Екібастұзда қыз бала дамыту орталығында жарақат алған

Оқиға туралы жапа шеккен қыздың анасының құрбысы хабарлаған. Сонымен қатар ол бақылау камерасынан алынған бейнені жариялады деп жеткізді irbistv.kz тілшісі.


Бейнеде нұсқаушы баланы қолынан күшпен тартып, жаттығу жасауға сүйреген. Бала жылап, жаттықтырушы тартқан қолын ұстайды.

“24 қазан менің құрбымның қызы АФК сабағы кезінде қолынан жарақат алып, нәтижесінде гипс салды. Жарақат жаттықтырушы қолынан күшпен сүйреп тартқан кезде пайда болды деп ойлаймыз. Бұл бақылау камерасы алдында орын алған, бала сөйлей алмайтындықтан, анасына айта алмаған. Қазіргі күнге дейін нұсқаушы да, орталық басшысы да оқиғаға байланысты кешірім сұрамады”- дейді әйел.

Сабақтан соң ата-анасы баласын ауруханаға апарып, онда қолына гипс салған. Кейін баланың анасы полицияға шағым жазған.

Ал Павлодар облысы бала құқығы бойынша аймақтық жедел уәкіл Сәуле Шакеневаның айтуынша ол жапа шеккен баланың анасымен хабарласқан.

-Бала қазір үйде, басқа медициналық көмекке мұқтаж емес. Психолог көмегі ұсынылады. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева жағдай бақылауда екенін айтты. ҚР ҚК 140 бабы, 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады жедел уәкіл.

Полиция департаментінде кәмелетке толмағанды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Фото: Freepik.com