Екібастұз кеншілері кәсіби мерекелерін атап өтті

Көмір кәсіпорнының аумағында орналасқан Құрмет тақтасында 28 үздік қызметкердің суреттері ілінген. Жыл бойы үлкен жетістіктерге қол жеткізген мамандар төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен атап өтілді. Олардың ішінде «Еңбек ерлігі үшін», «Өндіріс саласындағы еңбегі үшін» сынды Еуразиялық топтың арнаулы марапаттары да бар. Сондай-ақ аталмыш саладағы ең басты наградалар - «Шахтер даңқы» мен «ЕЭК АҚ еңбек ардагері» атағының иелері де анықталды. Салтанатты жиналыс пен концерттің орнына көмір кәсіпорнының аумағында үлкен LED-экран орнатылып, сол арқылы құттықтаулар, марапатталған кеншілер туралы бейнелер, көмір өндірушілердің кәсіби мерекесіне арналған бейнероликтер көрсетіді. Осы орайда айта кету керек акционерлік қоғамның ресми парақшасында шахтер мамандығының қыр-сырымен таныстыратын отбасылық бейнелер де жарияланған. Онда әке мен бала арасындағы байланысты негізге ала отырып кенші болудың барлық артықшылығы мен құндылығы көрсетілген.