Екібастұзда аш жалаңаш табылған балалардың ата-анасын жазалады
Екі шенеунік жұмысынан қуылды. Кезек ата-анасына да жетті. Сотта әкімшілік істі қарады. Онда балалардың әкесіне ресми түрде тек бір бала тіркелгені анықталды. Сотта хабарлағандай оған антисанитариялық жағдайлар мен дәрігерге апару үшін еш шара қолданбағаны себеп болған. Естеріңізге сала кетейін, бүлдіршіндерді еріктілер тауып алған еді, кейін олар өкпе қабынуы және рахитпен ауруханаға түсті.
-Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бабына сәйкес 10 АЕК айыппұл қарастырылған. Сот олардың материалдық жағдайын және алимент төлеу міндетін ескере отырып, айыппұлды 30 пайызға қысқартты,- деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.
Нәтижесінде 21 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сотта түсіндіргендей балалардың бір де бірі Екібастұз қаласының емханаларына тіркелмеген. Жеті жастағы бала да мектепте тізімде жоқ. Полицияның мәліметі бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия анасының әрекетін жеке қараған. Қараусыз қалған балалардың ата-анасы сотта кінәсін толық мойындады.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы