Екібастұзда полицей 19 жастағы күдікті қызды зорлаған
Қызды ақпанның 17-і полицейлер есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Сол күні тәртіп сақшылары одан жауап алып, күні бойы жүрген. Тергеу амалдарынан соң бір екібастұздық және екі павлодарлық полицей қызды үйіне жібермей жалдамалы пәтерге апарған.
- Пәтерге апарған себебі павлодарлық есіркімен күрес жөніндегі полицейлер түнеу үшін пәтер жалдаған. Екібастұздық қызметкер де олармен бірге қонған. Сонда ішімдік ішкен. Кейін біреуі менің қызымды зорлаған, - деді қорғаушы Қарлығаш Джамалиденова.
Келесі күні қызды үйіне қоя берген. Ол келісімен өзінің қорғаушысына зорланғанын айтып берген. Адвокат жедел түрде сараптама жасауды талап етіп, кейін шынымен де биоматериал ізін тапқан. Алайда іс содан бері орнынан қозғалмапты.
- Ол қыз қылмыс жасағаны үшін күдікті ретінде ұсталса да, оны өздерімен бірге алып кеткені ақылға сыймайды. Қыздың өзі 19 жаста болса да түріне, денесіне қарасаң 14-16 жастағы бала секілді. Мен білгенімде ол тәртіп сақшылары әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр екен. Оларға қатысты еш шара қолданылмаған, - деді Қарлығаш Джамалиденова.
Қорғаушының айтуынша қазір геномдық сараптама нәтижесін күтіп отыр. Ал полицияда өндірісте зорлау және билігін асыра пайдалану бойынша екі қылмыстық іс бар екенін айтты. Тағайындалған сараптама нәтижесіне сай процессуалдық шешім қабылданады.
