Елімізде бензин бағасы тағы көтерілді

Павлодарлықтар жанармай құю бекеттеріндегі бағаның көтерілгенін айтуда. Жұрт жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің литрі 184 теңгеден сатылып жатыр. Автокөлік иелері амалымыз жоқ дейді. АИ-95-тің бағасы 208 теңгеге жетіп отырғандықтан кейбір жүргізушілер үнемдеуге тура келетінін жасырмады.

Экономистер де қымбатшылық әлі де қыспаққа алады деп болжайды. Бағаның өсуі азық-түлік құнына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін де жасырмайды. Энергетика министрлігі журналистердің бензиннің өсуіне не себеп болды деген сауалына «Қазақстанда мұнай өнімдерінің бағасы реттелмейді. Оларды сұраныс пен ұсыныс есебінен нарықтың өзі қалыптастырады» -деп жауап берді. Ал, жақын арадағы жанармай нарығындағы жағдайға қатысты сауалға министрлік жауап бермеген.

 

Авторы: Аида Адрахова