Елімізде ең төменгі жалақы көлемі өзгереді

Ең төменгі жалақы көлемінің өзгеруі 1 миллионнан астам адамға, ал жанама түрде барлық еңбекшілерге қатысты болады. Бұл көлеңкелі жалақы қорын азайтады, оның мөлшері бүгінде декларацияланатын көлемнің 30%-40% құрайды. Мұның экономикалық әсері оңды болмақ. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ЖІӨ-нің 1,5% - ға артуына алып келеді.

- Төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері өзгермеген. Әлемдік дағдарыс халық кірісіне айтарлықтай соққы жасады. Сонымен қатар Қазақстан жалақы көлемі бойынша бірқатар ТМД елдеріне жол береді. Сондықтан 2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы көлемін 42500-ден 60000 көтеру тапсырмасын беремін, - деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте, педагогтердің жалақысын көтеруге алдағы 3 жылда 1,2 триллион теңге жұмсалмақ. Естеріңізге сала кетейін, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап ұстаздардың жалақысы 25% - ға өскен еді. Қабылданған шаралар өз жемісін беруде дейді ел президенті. Педагогикалық мамандықтарға түсушілердің орташа балы күрт өскен. Сондай-ақ, мәдениет қызметкерлері де назардан тыс қалмады.

Өзекті мәселелер де сөз етілді. Бұл қазіргі жастардың білім алуға  құлшынысының жоқтығы, тіпті оқудан шығуы. Көбі әлеуметтік желі арқылы оңай ақша табуға әуес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бағытқа аса көңіл бөлуді тапсырды.  

Сонымен қатар, әкімдерді қолдау деңгейі әлеуметтік сауалдар арқылы көрсетілеті айтылды. Яғни, бағалау тәуелсіз сауалнамалар барысында анықталады. Бұл билік жұмысының сапасына әділ баға береді. Мәселені шешу президент әкімшілігіне жүктелді.