Емханалардағы жолдама беру тәртібі өзгерді
Денсаулық сақтау жүйесіне бірқатар маңызды жаңашылдық енгізілді. Енді бейінді мамандар – кардиолог, гинеколог, уролог және өзге де дәрігерлер пациентті қайтадан терапевтке жібермей-ақ, қажетті тексерулер мен қосымша мамандардың қабылдауына өздері жолдама бере алады. Бір қабылдау барысында үш маманға дейін жолдама рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, дәрігерлердің қабылдау кестесіне қатысты міндеттемелер қойылды.
Бұған дейін тар бейінді маманның қабылдауынан кейін науқасқа талдау немесе ультрадыбыстық зерттеу қажет болса, қайтадан учаскелік терапевтке жазылуға тура келетін. Бұл қосымша уақыт жоғалтып, ем алу мерзімін созатын. Енді жаңа тәртіптің арқасында пациент бірнеше есікті қағып жүрмейді. Қажетті бағыттаманы ем жүргізіп отырған маманның өзі рәсімдеп, емдеу үдерісі әлдеқайда жедел әрі қолжетімді болмақ. Бірақ, бір қабылдау барысында тек үш маманға дейін жолдама рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған.
- Пациенттердің жағдайын бағалайтын жаңа мәртебелер жүйесі енгізілді. Енді медициналық құжатта "дені сау", "сауығу кезеңінде", "жағдайы жақсарған", "өзгеріссіз", "жағдайы нашарлаған", "қайтыс болған" және "ауруы жалғасуда" деген мәртебелер көрсетіледі. Әсіресе "ауруы жалғасуда" мәртебесінің енгізілуі маңызды. Бұл жағдайда дәрігер науқасты қайтадан терапевтке жібермей-ақ, келесі қабылдау күнін өзі белгілей алады. Сонымен бірге, барлық зерттеулер мен бейінді мамандардың консультациялары енді тек клиникалық хаттамалар талаптарына сәйкес тағайындалады, - дейді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі бас маманы Айгүл Әбілхасан.
Сонымен қатар, емханалар дәрігерлердің қабылдау кестесін алпыс күн бұрын жариялап, өзгеріс болған жағдайда уақытылы жаңартып отыруға міндеттелді. Жаңа талапқа сай қабылдау ұзақтығына да нақты өлшем белгіледі. Енді бейінді мамандардың консультациясына кемінде жиырма минут бөлінеді. Ал алғашқы қабылдау кезінде бұл уақыт отыз минутқа дейін ұзартылады. Мұндай өзгеріс дәрігердің әр науқастың жағдайын жан-жақты бағалап, сапалы медициналық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді дейді ақ халаттылар.
Бекбол Мырзахан
