Ер адамды ұрлаған екі павлодарлықты бас бостандығынан айырды
Бірінші тапаншамен аспанға оқ атып, құрбанын ұрып, қолына кісен салған. Кейін көлікке отырғызып алып кеткен. Машинада есірткі лақтырып кетеміз деп қорқытып, өздерін ҰҚК істейміз деген. Нәтижесінде жапа шегушінің банк картасынан 320 мың теңге шешіп алыпты.
- Сот облыстың екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Олар алдын ала келісім бойынша бір топ болып адам ұрлап, өз еркімен билік өкілі лауазымын жамылып, осы негізде қылмыс пен шабуыл жасаған. Біреуіне 7 жыл 6 айға, ал екіншісін 8 жылға бас бостандығынан айырды, - дейді Павлодар қалалық №2-сотының баспасөз хатшысы Гүлсім Ахтаева.
Сот отырысы кезінде жапа шегуші өзіне шабуыл жасағандарды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ақшамды қайтарды деп түсіндірген. Ал сотталушылардың өздері кінәсін жартылай мойындап, оларды абақтыға жібермеуді өтінді. Нәтижесінде олардың жас екендерін ескерді, дегенмен де қару қолданғандары бапты ауырлатты.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы