Ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана перзентінің білім алғанын қалайды
Наиль тоғыз жаста. Қазір екінші сыныпта оқиды. Башаргүл Досжанованың айтуынша жаңа оқу жылы басталғалы қаладағы арнайы мектепке апару қиындық тудыруда.
- Ұлыммен қоғамдық көлікпен бару мен үшін қиын. Бала шыдай алмайды. Себебі медициналық көрсеткіштер бойынша ол айғайлап, жылап, өзгелердің мазасын алуы мүмкін. Кейде автоубсты ұзақ күтесің. Немесе ол лық толы болады. Ал мектепке күн сайын қалай болса да бару керек. Себебі күні түні төрт қабырғада отыру оған да, маған да қиын, - дейді Баршагүл Досжанова.
Башаргүл Досжанова бұл өтінішпен қала және облыс басшысына да жүгінген. Әкімдікте көмектесеміз деп айтқан дейді. Ал әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бұл ретте «Инва такси» қызметі бар екенін айтты дегенмен де ол тек арбаға таңылған, өздігінен жүре алмайтын адамдарға арналған.
- Әрине бір жағынан мұндай диагнозы бар бала қоғамдық көлікте жүру қиын. Дегенмен де біз заң бойынша бұл балаға Инва такси қызметін ұсына алмаймыз, дегенмен де осы Инва такси Ленин кентінде болған кезде біз аталмыш баланы да жол жөнекей ала кетіп, мектеп интернатқа апарамыз деген келісімге келдік, - деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Белялова.
Әлеуметтік қорғау бөлімінде Башаргүл Досжанова ұлы сабақта болған уақытта істеуге қолайлы жұмыспен де көмектесетіндерін айтты. Бұл отбасыны үнемі бақылауда ұстаймыз деп сөз берді.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы