• Басты бет
  • Қоғам
  • Ертіс-Баян өңірінде 62 елді мекенді көктемде су басу қаупі бар

Ертіс-Баян өңірінде 62 елді мекенді көктемде су басу қаупі бар

 

 

Бұндай мәліметтермен облыстық ТЖД бөлісті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Облыс бойынша жауған қардың мөлшері өткен жылғыдан 50%-ға жоғары. Ақтоғай және Шарбақты аудандарындағы қардың биіктігі 2 метрге жетті. Ал ылғал қоры нормадан 40,6%-ға артық. ТЖД биыл әдеттегідей 40-тан аса емес, 62 елді мекенді бақылауға алғанын жеткізді.

 

-Көктем ерте келсе, судың тасуы өзін көп күттірмейді. Топырақ қабаты қатып жатыр, солтүстік аумағымызда тереңдігі 190 сантиметрге дейін барса, оңтүстік учаскелерді 50-70 сантиметрге дейін барады деп хабарлады «Қазгидромет»,-деді Павлодар облысы ТЖД басшысы Жасұлан Жұмашев.

 

Белгілі болғандай, Павлодар, Железин, Аққулы, Май, Успен, Ертіс аудандарында қар шығару жұмыстарының қарқыны төмен. Ал Ақтоғай және Баянауыл аудандарындағы су басу қаупі бар шалғайдағы ауылдардан қарды шығару жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Асайын Байханов олқылықты тез арада жоюды талап етті.

 

- Энергетика және ТҮКШ басқармасы, қала, аудан әкімдері 23 ақпанға дейін қар тазалау және шығару жұмыстарын белсенді жүргізсін. Жолаушылар және көлік жолдары басқармасы және «ҚазАвтоЖол» команиясы филиалы әкімдермен бірлесіп, республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда су құбырларын ашу бойынша дайындық жүргізсін. Қала, аудан, ауыл әкімдері су тасқынына қарсы үйінділерді салуды жүргізсін,-деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

 

Мамандардың айтуынша, су тасқыны орын алған жағдайда, 1702 адам жұмылдырылып, 616 бірлік техника, 42 жүзу құралдары және 198 мотопомпалар дайын көрінеді.