Ертіс өзені бекіре балығымен толықты

«Қазақстан алюминий» акционерлік қоғамы әрбір экологиялық науқанға ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын кәсіпорын мамандары Ертіс жағалауын тазалап қана қоймай, өзен мекендеушілерінің санын арттырады. Биыл алғашқы рет бекіре шабақтары жіберілді.

- Ертіс өзеніне балық жіберу шарасы дәстүрлі ұйымдастырылады. 2020-шы жылы біз Усолка өзеніне балықтарды жібергенбіз. Ал 2019-шы жылы Баянауылдың Торайғыр көліне шабақтарды жібердік. Биыл біз Ертіс өзенін бекіре балығымен толықтыруды шештік. Аталмыш шараға 800 мың теңге жұмсалады, - деді «Қазақстан алюминий» АҚ бас экологы Мақсұт Жақыпов.

Оның алдында кәсіпорын қызметкерлері өзенге бір мыңнан аса тұқы балығын жіберген болатын. Бұл жолы мекендеушілердің түрін көбейту мақсатында, Қарағанды облысындағы тәлімбақтан бекіре шабақтары жеткізілді. Шараға қатысқан балық инспекциясының мамандары аталмыш түрін аулауға тыйым салынғандығын ескертті.

- Мұндай экологиялық науқанның арқасында аймағымыздың бас өзен мекендеушілерінің қоры толықтырылады. Оның алдында бекіре балықтарын жіберумен ешкім айналыспады. Шабақтарды қорғау мақсатында апта сайын рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Биыл заңсыз балық аулау бойынша 160 материал толтырылды, - дейді Павлодарлық балық инспекциясының бас маманы Серік Апсаликов.

Экологиялық науқан кезінде барлық ғылыми нұсқаулықтар сақталды. «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының мамандары балық жіберу үшін алдын-ала ең қолайлы орынды таңдап алған.

- Бұл орын бекіре шабақтары үшін температуралық нормаға сәйкес қолайлы болып табылады. Тәлімбақта өскен орталарына сай жағдай жасалған. Өздерінің табиғи ортасына шыға салысымен, емін-еркін өсе береді, - дедіМақсұт Жақыпов.

Кәсіпорында атап өткендей мұндай экологиялық науқандар дәстүрлі түрде жалғаса береді. Мамандар Павлодар облысындағы Ертіс өзенін мекендеушілердің түрін ұлғайту мақсатын ұстануда.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.