Ертіс өзеніне шығу қауіпті

Павлодардағы Усолка өзенінде қараша айында балық аулауды ұнататындар қармақ алып, мұз үстіне шығатын. Ал биыл өзен жағасында балықшыларды кездестіру қиын. Жағалауда жұқа мұз қабаты енді ғана пайда бола бастағанымен, ол адам салмағын көтере алмайды.

-Тіпті түнгі уақытта ауа температурасы -3 пен -8 градус, күндіз +3 градусқа дейін көтеріледі. Мұз біркелкі қатпайды. Жағалауда мұз қабаты пайда болған күннің өзінде, ол қауіпті. Адамның салмағынан мұз опырылып кетуі мүмкін, - дейді Павлодар облысы ТЖД басқармасының бас маманы Максим Варзегов.

Ал әлеуметтік желілерде мұз астына түсіп кеткен итті құтқарған ауыл тұрғынының бейнесі көпшіліктің назарын аударды. Оқиға сәтті аяқталғанымен, құтқарушылар мұндай жағдайда өз өмірін қатерге тікпей, мамандарды шақыруға кеңес береді.

Мамандардың айтуынша, ер адамның жолы болған. Себебі су айдынының тереңдігі таяз болған. Қазір мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынады. Ал шұғыл көмек көрсету қажет болған жағдайда, құтқарушылар қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, міндетті түрде сақтандыру арқаны болуы керек. Мұз үстімен тік тұрып жүрмей, етпеттеп жылжыған жөн.

Жалпы, биылғы күздің ауа райы да әдеттегіден өзгеше. Синоптиктердің мәліметінше, маусым бойы мұндай жылы ауа райының сақталуы өңір үшін қалыпты жағдай емес. Оның үстіне, алдағы бір аптада да қатты аяз күтілмейді. Демек, су айдындарындағы мұздың жұқа әрі қауіпті болуы әбден мүмкін.