• Басты бет
  • Қоғам
  • Естай көшесіндегі заңсыз салынған көпқабатты үйді бұзу мүмкін болмай отыр

Естай көшесіндегі заңсыз салынған көпқабатты үйді бұзу мүмкін болмай отыр

Естеріңізге салсақ, ғимаратты демонтаждау туралы сот шешімі екі жыл бұрын шыққан. Архитектура бөлімінің мамандары қала бойынша тағы бірнеше заңсыз құрылыс орындарын анықтаған дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Мамандар қазір Марғұлан 317 мекенжайындағы ғимаратты бұзу жайлы шешім бар екенін алға тартты. Құрылыс нысаны заңсыз салынған. Тыңдауларға ғимарат маңайындағы көршілер қатысқан. Оған қоса, Павлодардағы Шығыс мөлтек ауданы бойынша тағы екі дерек тіркелген.

 

- Пятигорская көшесіндегі нысан заңсыз деп танылды. Оның қожайыны жер қатынастары заңдарын бұзған. Ол жерде тек үй салуға болады. Қазір кәсіпкерлік нысан бой көтерген. Бөлім тарапынан ешқандай рұқсат қағаздары берілген жоқ,-деді Павлодар қаласы архитектура және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Тимур Сейітқалиев.

 

Шенеуніктер аталмыш нысанға қарама-қарсы орналасқан «Сібір» дүкеніне де назар аударды. Оның қожайыны бір жобаны бекітіп, құрылысты басқаша орындаған. Сот қосымша бөлмелерді бұзу шешімін қабылдады. Кәсіпкер бұл жұмысқа кірісті. Алайда, кей кездері шенеуніктерге бұл мәселеге араласуға тура келеді.

 

-2023-ші жылы қала әкімдігінің көмегімен екі ғимарат бұзылды. Оның бірі Жамбыл көшесінде болса, екіншісі Қайырбаев көшесінде орналасқан. Ондағы сот қаулысы 2022-ші жылы шыққан,-деді Павлодар қаласы архитектура және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Тимур Сейітқалиев.

 

Әкімдікте, бұзуға жұмсалған барлық шығынды кейін құрылыс иесінен өндіріп алатынын алға тартты. Әзірге бұл шара Естай көшесіндегі №102-ші көпқабатты үйге қатысты емес сияқты. Естеріңізге салсақ, онда баспана сатып алған павлодарлықтар шағымданған болатын. Адамдар бұзу туралы шешімді өзгертуге тырысты. Алайда, сот шешімі сол күйінде қалған. Және бүгін көпқабатты үй әлі тұр.