• Басты бет
  • Қоғам
  • Еуроазиаттық энергетикалық корпорация қызметкерлері Екібастұздағы ТЖ байланысты өз әріптестеріне көмек көрсетті

Еуроазиаттық энергетикалық корпорация қызметкерлері Екібастұздағы ТЖ байланысты өз әріптестеріне көмек көрсетті

 

 

Екібастұздағы қалыптасқан оқиғаға Ақсу электр станциясы барынша көмек қолын созуда. Бүгін кезекті керуен Ақсу қаласынан жолға шықты. Кәсіпорын ұжымы 100-ден астам жылыту қондырғылары мен жылы киімдерді жинаған.

 

-Екібастұз қаласындағы жағдайға бей-жай қарап отыра алмадық. Сондықтан, өз күшімізбен сол қалада тұратын әріпетстерімізге көмек ретінде жылу қондырғыларын, жылы киімдер жинап өз көмегімізді, өз үлесімізді қосқымыз келді. Ең бастысы біздің ойымыз бұл мәселе тездетіп оң шешімін тапса дейміз, - деді «ЕЭК» АҚ Жастар кеңесінің төрағасы Айдын Жақсылық.

 

Межелі жерге жеткізілген заттарды Екібастұздық кәсіпорын қызметкерлері қабылдап кейін белгіленген мекенжайларға таратты. Бұл ретте, «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің конвейер машинисі Нұрболат Хамитовқа да ең қажетті жылыту құралы табысталды.

 

-Ақсулық әріптестеріме осындай қиын қыстау күнде қолдау көрсеткендеріне үлкен рахмет. Электр станциясының мамандары, жастар кеңесі қазіргі жағдайда ең қажетті құралды әкеліп берді. Алғысым шексіз,-деп жеткізді «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің конвейер машинисі Нұрболат Хамитов.

 

Сондай-ақ, Ақсу электрлік станциясының жұмыскерлері «Шығыс» кенішінің ұжымымен бірге пісірушілер мен слесарьлардан арнайы жасақтар құрған. Олар кеншілер қаласындағы жылу желілерін жөндеуде алдыңғы қатарда қызмет жасауда. Кәсіпорын 50 қызметкер мен 10 техника бірлігін жұмылдырған.

 

-Біздерді осында жұмыс жеріміз жіберді. Халыққа көмек ретінде үлгере алмай жатқаннан кейін 5 сварщиктен, 2 слесарьдан жіберіп жатыр. Құдайға шүкір қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Ең бастысы, халыққа тезірек жылу берсе сол ең басты мақсатымыз. Сол күндіз-түні тыңбай жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс жерінен бөлініп жатыр,-деп айтуда «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің пісірушісі Ерғазы Успанов.

 

Айта кетейін, «ЕЭК» АҚ жағдай тұрақталғаннан кейінде өз қызметкерлеріне қолдау көрсетуді жалғастырмақ. Кәсіпорын пәтерлердегі жылу жүйесін қалыпқа келтіруге көмектесетіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар, жұмыскерлерге арнайы жедел желінің жұмыс жасап тұрғанын еске салуда.