Ең үздік оқушыға 145 000 теңге береді

Әзірге «Тәуелсіздік ұланы» деп аталатын марапаттың басты мақсаты - – оқушыларды ынталандыру. Облыс әкімдігінің мұрындық болуымен қолға алынған шара үш кезеңнен тұрады. Біріншісі - мектепішілік. Мұнда әр бала өз еңбектерін білім беру мекемесінде құрылған комиссияға ұсынады.

 

- Екінші кезең – ол облыстық, қалалық деңгейдегі кезең болып табылады. Бұл жерде бүкіл мектептерден жиналған балалардың еңбектерін алқа мүшелері отырып қарастырады. Үшінші кезеңге қай бала өтуге лайықты екендігін анықтайды. Сондай-ақ бірінші, екінші кезеңде онлайн дауыс беру болады, - деді «Ертіс Дарыны» орталығының басшысы Азамат Шаймұрат.

 

Соңғы бөлімде облыстық білім беру басқармасы аясында құрылған комиссия жұмыс жасайды. Үміткерлер жалпы бес аталым бойынша іріктеледі. Атап айтқанда: ғылыми техникалық және оқу-зерттеу жұмыстары, кәсіби шеберлік, шығармашылық қабілеті, спорттық мансабы мен әлеуметтік маңызы бар қоғамдық шараларға қатысуы. Бұл тарапта әр саладағы жетістіктеріне арнайы ұпайлар беріледі. Және қалалық, ауылдық мектеп үміткерлеріне қойылатын талап деңгейі де әртүрлі болмақ.

 

- Бұл жерде мамандандырылған мектептер, дарынды балаларға арналған олардың жетістіктері тек республикалық пен халықаралық жетістіктері ғана саналады. Басқа жалпы білім беру мектептерінде, облыстық деңгейдегі жетістіктері де қарастырылуы мүмкін. Ауылдық мектеп оқушылары мен мамандандырылған мектеп оқушыларының арасындағы айырмашылықты теңестіру мақсатында. Себебі мамандандырылған мектеп балаларында басымдық көп болайын деп тұр ауылдық мектептерге қарағанда, - Азамат Шаймұрат.

 

Құжаттарды қабылдау сәуірдің 15-нен басталады. Алдын ала жоспар бойынша әр кезеңдегі комиссиялар жұмыстарына күзде кіріседі. Жеңімпаздарды тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ақшалай сыйлықтан бөлек арнайы төлбегі, медальдермен марапаттайды. Ал сыйақы көлемі – 50 АЕК, яғни 145850 теңге.