Гепатитті маникюр мен татуировка жасау кезінде жұқтыру қаупі зор
Павлодарлық санитарлық дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады деп хабарлайды irbistv.kz.
Ағымдағы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірімізде вирусты гепатиттің 27 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға аз, дегенмен қауіп сейілді дегенге келмейді. Көрсеткіштің басым үлесі А гепатитіне тиесілі, ал ауыр өтуімен ерекшеленетін В және С түрлеріне 4 адам шалдығыпты. Ересектерден бөлек тағы 4 бала індетті жұқтырған. Бұл ретте, санитарлық дәрігерлердің мәліметінше адамдар оны көбінесе талаптарды ескермейтін қызмет көрсету орындарда жұқтырады екен. Алдын алу шараларын елемеу, медициналық тексерулерден дер кезінде өтпеу – індеттің өршуіне себеп болуы мүмкін дейді мамандар.
-Гепатиттің алдын алудың ең тиімді жолы – жеке гигиенаны сақтау және вакцина алу. Сонымен қатар, сұлулық салондарына, тексеру және емдеу мекемелеріне барғанда, қанмен байланысты процедуралар кезінде тек бір реттік, зарарсыздандырылған құралдарды қолдануға кеңес береміз. Ал өз үйінде қабылдайтын жеке шеберлерге барар жолды мүлдем ұмытқан дұрыс. Ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жедел жүгіну қажет, - дейді Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Бағлан Дембельбаева.
Гепатиттің А түрі – тұрмыстық жағдайда, лас қол, су немесе тағам арқылы жұғады. Аурудың инкубациялық кезеңі 7 күннен 50 күнге дейін созылады. Көп жағдайда ол дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және тәбет жоғалуы секілді тұмауға ұқсас белгілермен білінеді. В гепатиті көбінесе қызбамен, әлсіздікпен, буын ауруымен және жүрек айнумен басталады. Кейде теріге бөртпе шығып, бауыр мен көкбауыр ұлғаяды. Ал С гепатиті – ең ауыр түрі. Ол жылдар бойы жасырын өтіп, ақыр соңында бауыр циррозы мен қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.
Бекбол Мырзахан
