Калькулятормен емес, есепшотпен жеңіл

Қорлан Шоқпарова үшін есепшот – жай ғана жұмыс құралы емес, кәсіби өмірінің ажырамас бөлігі. Айтуынша, заманауи калькуляторға да үнемі сене бермейді. Ал талай жылдан бері қолынан түспеген есепшот ешқашан жаңылыстырған емес. Оның үстіне, есепшотпен есептеу ойды ширатып, миды жаттықтыруға да көмектеседі.

 

-Кейде калькулятордың өзі қателесіп кетеді. Сондықтан оған онша сенбеймін. Ал есепшотпен есептегенді жақсы көремін. Өйткені есепшотпен санағанда ойың да жұмыс істейді, миыңды да жаттықтырасың. Ал калькулятормен онша ойланбайсың ғой. Есепшотта әр санды ойша санап отырасың, - дейді Қорлан Шоқпарова.

 

Қорлан апайдың шеберлігіне қарап, таңғалмасқа амал жоқ. Ол күрделі арифметикалық амалдарды да көп кідірмей, жаңылмай орындайды. Кейіпкеріміз мұның бәрі көп жылғы тәжірибенің нәтижесі екенін айтады. Осы жылдар ішінде өзіне де, есептеу тәсіліне де әбден машықтанған. Бір қызығы, бүгінде көне есепшот Қорлан апай үшін тек саудадағы көмекші құрал ғана емес, өткен күндердің естелігіне де айналған. Оның есепшотқа деген ерекше ықыласын білетін жандар кейде осы бұйымды сыйға тартады. Әрбір сыйлық – өзі сүйіп таңдаған мамандығына, табанды еңбегіне деген құрметтің белгісіндей.