Кардиологиялық орталық директоры қызметінен айырылды
- Кардиорталық директорымен еңбек келісімшартын тоқтаттық. Қазіргі таңда медициналық мекемеге басшы етіп қоятын адам жоқ. Сонымен қатар бұл емдеу мекемесі жекешеліндірілмейді, мемлекеттік болып қалады, - деп әлімдедіПавлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазинов.
Директорды жұмысынан шығаруға себеп - бірнешеу. Олардың бірі - медициналық мекеме басшысы кардиорталықта жүргізілуі тиіс жөндеудің ЖСҚ тапсырыс беріп, оны мемлекеттік сараптамаға жіберуі керек болған. Сонымен қатар Айдар Ситқазинов құны 400 миллион теңге тұратын ангиографтың бұл кардиорталықта бір жыл бойы пайдаланылмай текке тұрғанын айтып өтті.
- Ол бірінші кезекте басшы ретінде қаржылық есепке жауап беруі керек. Медициналық мекеменің лицензия мерзімі өтіп кеткен. Сол себепті орталық өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік тапсырыс алу байқауына қатыса алмады. Бұл ретте науқастар операциясыз, ал дәрігерлер жалақысыз қалатын еді. Ол жақсы хирург екені сөзсіз, алайда ол бірінші кезекте басшы, - деп айтып өтті Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситқазинов.
Денсаулық сақтау басқармасында Альбазаровқа дәрігер ретінде жұмыс істеуін жалғастыру ұсынылғанын хабарлады. Қазіргі таңда істі экономикалық тергеу департаментіне тергеуге жіберген.