Kaspi.kz әлемдік IT саласының болашақ көшбасшыларын қолдады
Астанада жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтіп жатыр. Оған әлемнің 100-ден астам елінен келген 500-ге жуық үздік оқушы қатысуда. Халықаралық білім додасының бас серіктесі Kaspi.kz деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Адамзат болашақта қандай технологияларды қолданады? Бұл сұрақтың жауабын осы жерде табуға болады. Астанада өтіп жатқан жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ауқымы өте кең: оған 106 елден 500-ге жуық оқушы қатысуда. Білім додасының қатысушыларын Мемлекет басшысының өзі қарсы алды.
-Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Kaspi жас таланттарды қолдап, олимпиаданың бас серіктесі болды. Онлайн мемлекеттік қызметтер, бірнеше секундта жасалатын аударымдар, тауар таңдауға көмектесетін жасанды интеллект – мұның бәрі бір кездері болашақтың технологиясы саналатын. Ал қазір Қазақстанда жасалған Kaspi қосымшасында осы мүмкіндіктердің барлығы бар. Бұл тәжірибені бүгінде басқа елдер де зерттеп, өз жүйелеріне енгізуде.
- Біздің Kaspi.kz-тегі миссиямыз – адамдардың өмірін жақсарту. Бүгінде Қазақстан мен Түркияда 25 миллионнан астам адам біздің қызметтерімізді пайдаланады. Kaspi-ді құрған кезде біз «Бұл не істей алады?» деп емес, «Ол адамға қалай көмектесе алады?» деп сұрадық. Бұл ең маңызды сұрақтардың бірі. Сіздерге айтар алғашқы кеңесім: технологияны технология үшін жасамаңыздар. Ең алдымен оның қандай мәселені шешетінін, адамдарға қандай нақты пайда әкелетінін іздеңіздер. Әрдайым адамның шынайы қажеттілігінен бастаңыздар. Сізді табысты қылатын - дәл осы нәрсе,-деді Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.
Алда қатысушыларды бес күндік қарқынды жұмыс күтіп тұр. Олар AI модельдерін жасап, оны түрлі тапсырмаларды шешуге қолданады. Олимпиаданың ең қызықты кезеңдерінің бірі – роботтарды бағдарламалау. Қатысушылар өз әзірлемелерін іс жүзінде көрсете алуы үшін оларды Олимпиадаға арнайы әкелген.
-Бас демеуші Каспи болды. үлкен технологиялық алып компаниялар болып осындай іс-шараларды қолдау ол әрине өте бір үлкен сенім және Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлестері. Жасанды интеллект дәуірінде қандай математика ма, информатика ма, компьютер сайнс, солардың барлығын жетілдіру ол тек қана мемлекеттің қолында емес. Осындай ірі технологиялық компаниялармен бірігіп, осындай жұмыстарды атқару керек. Сондықтан осындай олимпиадаларға Kaspi, тағы да, басқа да демеушілердің қатысып жатқаны ол өте үлкен жауапкершілік деп ойлаймын,-дейді Спорттық бағдарламалау федерациясының Президенті Бағдат Мусин.
-Олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданған сәттен бастап, жергілікті компаниялар қолдау көрсете бастады. Реакция өте жылдам болды. Қазақстан бұл олимпиаданы небәрі төрт айдың ішінде ұйымдастырып үлгерді. Бұл шынымен де таңғаларлық. Сондықтан Kaspi-ге алғыс айтқым келеді.,-деді IOAI халықаралық кеңесінің құрылтайшысы әрі төрайымы Елена Маринова.
Халықаралық AI олимпиадасы биыл үшінші рет өтіп жатыр. Өткен жылы білім додасы Қытайда өтіп, Қазақстан құрамасы 60-тан астам елдің арасында төртінші орын алған еді. Биыл ел намысын сегіз жас талант қорғайды. Олардың барлығы бірнеше кезеңнен тұратын ұлттық іріктеуден өткен.
-Дайындық өте жақсы өтті, бізде бапкерлермен, күшті шыңдалдық. Жасанды интеллект саласында түрлі жобалар жасап, зерттеулер жасап жүрген жастар өте көп. Осындай еліміздің Kaspi секілді компаниялары осы біздің жастарды, олимпиадаларды қолдап жатқаны өте күшті,-деді Қазақстан құрамасының мүшесі Дінмұхаммед Ынтықбай.
Олимпиада 7 тамызға дейін жалғасады. Және дәл осы жерде болашақта бүкіл әлем білетін жаңа ІТ жобалардың негізі қалануы әбден мүмкін.
Авторы: Дархан Бекишев
