• Басты бет
  • Қоғам
  • Kaspi.kz мобильді қосымшасында темір тұлпарды тіркеуден шығарып, қайта қояды

Kaspi.kz мобильді қосымшасында темір тұлпарды тіркеуден шығарып, қайта қояды

Осы уақытқа дейін азаматтар автокөліктерін тіркеу тек мамандандырылған ХҚО-да және  egov.kz порталында ғана жүзеге асыратын. Енді аталмыш мемлекеттік қызмет kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді.

 

- Бұның арқасында үйреншікті қызмет  әлдеқайда жылдам жүзеге асады. kaspi.kz қосымшасының ішіне кіріп, 5-10 минут ішінде автокөлікті қайта рәсімдеу жасалады. Сосын азаматтар мамандандырылған ХҚО келіп, мемлекеттік нөмірін алып кету ғана қалады, - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Павлодар облысы бойынша филиалының PR менеджері Мейрамгүл Әбдірахманова.

 

Осылайша,  kaspi.kz қосымшасында көлігін сатуға ниетті кез келген азамат темір тұлпарына тиесілі айппұлдардың, салық қарыздарының, мүлік ауыртпалығы бар-жоғын анықтап, бірден төлем жасап, есепке қоя алады. Ал сатып алушыға тек ақша аудару мен мемлекеттік баж төлемін өтеу ғана қалады. Бұл ретте, көлік нөмірін онлайн таңдау мүмкіндігі де ескерілген.

- Жаңа қызмет дүйсенбі күні іске қосылған еді. Қазіргі таңда Павлодар өңірінің 30 тұрғыны мобильді қосымша арқылы төлем жасап үлгерді. Сол себепті барша азаматтарды онлайн қызмет алуға шақырамыз, - деді Мейрамгүл Әбдірахманова.

 

Жаңа сервисті пайдалана отырып, автокөлікті сатып алушы мен сатушы мемлекеттік органдарға жүгінбей, бұл жұмысты өзара жылдам шеше алады. Тек ескі құжат пен нөмерлерді мамандандырылған қызмет орталығына тапсыру ғана қалады. Аталмыш жеңілдік аса ұтымды екендігі хақ.