• Басты бет
  • Қоғам
  • Кемеңгер ауылында тұтас бір отбасы жыл соңында далада қалды

Кемеңгер ауылында тұтас бір отбасы жыл соңында далада қалды

Жас ата-ананың баспанасы толығымен жанып кеткен. Екі кішкентай баламен уақытша пәтер жалдауға мәжбүр болған ерлі-зайыптылар халықтан үйді қалпына келтіруге көмек сұрайды.

 

Оқиға желтоқсанның 10-ы кешкі сағат алтылар шамасында орын алған. Альбинаның айтуынша сол күні үйде тек өзі екі баламен ғана отырған. Жолдасы жұмыста болыпты. Жалын шарпыған үйден тек балаларымды алып шығып үлгердім дейді. Айтуынша өрт көрші үйдің пешінен шыққан. Жапсарлас мекенде сол күні ешкім болмаған.

 

- Бізде ауылда өкінішке орай өрт сөндірушілер жоқ, олар қаладан жеткенше 50 минутта қамыс үйден түк қалмады. Қазір әкімдік берген уақытша баспананы 20 мыңға жалдап тұрып жатырмыз. Оның он мыңын әкімдік төлеп отыр әзірге. Қыстың көзі қырауда ештемесіз қалдық, - дейді Кемеңгер ауылының тұрғыны Альбина Луб.

 

Жас отбасы бұл үйді бір жыл бұрын ғана алыпты. Айтуларынша жазда ғана толық жөндеу жасап, несиеге жиһаз алған. Алайда бүгінгі таңда одан түк қалмады. Қазір іргетасынан бастап барлығын толық қалпына келтіру қажет. Ал жас отбасының мұндай мүмкіндігі жоқ.

 

- Мен ешқандай көмектен бас тартпаймын. Азық-түлік те, құрылыс материалдары да артық етпейді. Халықтан көмек сұрамасқа басқа амалым жоқ. 100 мыңнан аса несиеміз бар. Ауылдастарға рахмет үстіміздегі киім мен азын-аулақ азық-түлікті солар алып берді, - деп ағынан жарылды Альбина.

 

Альбина декреттік демалыста отырғандықтан әзірге еңбек ете алмайды. Күйеуі барлық шығынды жабу үшін екі жұмыста жүр. Егер жас отбасыға көмектескіңіз келсе, +7 771 216 15 60 телефон нөміріне хабарласа аласыз.

 

Авторы: Бибінұр Хамитқызы