• Басты бет
  • Қоғам
  • Кенжекөл ауылындағы жалдамалы баспана тұрғындары көк басып, сыз тартқан үйде тұруға мәжбүр

Кенжекөл ауылындағы жалдамалы баспана тұрғындары көк басып, сыз тартқан үйде тұруға мәжбүр

Адамдардың айтуынша, шаршы метрлерді 2022 жылдың сәуірінде көпбалалы ана ретінде алған. Содан бері мәселе шаш етектен. Қазіргі басты мақсат турберкулез немесе онкологиямен ауырып қалмау. Қыс басталғалы жағдай ушықса да, шенеуніктердің ешқайсысы еш шара қолданбаған.

 

Алмагүл Балғымбаеваның айтуынша қабырғаны күніне бірнеше рет жууға тура келеді екен. Себебі көк басып, үнемі су болып тұрады. Мәселен ас бөлмедегі шкафтар ішіндегі азық-түлікпен бірге шіріп кеткен. Үйдің ішіндегі бар киімге, жиһазға көктің иісі сіңіп алған. Бұл үйде тіпті тыныс алудың өзі денсаулыққа қауіпті екені даусыз.

 

-Біз көктің иісімен демалуға мәжбүрміз. Балаларым мен өзімнің денсаулығым үшін алаңдаймын. Кейде демім жетпей қалады. Қазір медициналық тексерістен өтемін, -дейді Ақсу 1 көшесіндегі №65-үйдің тұрғыны.

 

Алмагүл Кенжекөлдегі баспананы көпбалалы ана ретінде алған. Ай сайын 15 мың теңге жалдық ақы төлейді. Құрылысшылардан соң қалған кемшіліктерді үнемі жамап жасқап келеміз дейді. Алайда ең басты мәселені шешуге қауқарсыз Көршілерінде де осы жағдай.

 

-Бізге сендерге ай сайын жөндеуге міндетті емеспіз деді. Егер ішінде еш ақауы жоқ, жылы, жайлы баспана болса бақытты болып тұрмаймыз ба. Ал біз тапқан ақшаның бәрін жөндеуге жұмсап отырмыз,-деді Алмагүл Балғымбаева.

 

Бұл көрші үйдегі ас дайындайтын бөлме. Мұнда да гарнитурды алып тастауға тура келген. Қабырғаны көк басқан. Көпбалалы ана Алия Шагмарданова жақында жөндеу жасаған. Алайда ол ұзаққа созылмайтын секілді. Жуынатын бөлмедегі кафель ылғалдан түсіп жатыр.

 

-Тұрғындары жүгінген үйлерді қарау үшін комиссия құрылады. Содан соң акт құрылып, барлық қажетті шара қолданылады,-деп мәлім етті Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Эльмира Темірғалиева.

 

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың тамызында дәл осы үйдің тұрғындары дабыл қаққан еді. Ол кезде кәріз жүйесінде мәселе пайда болып, адамдар үйдің іргетасы опырылуы мүмкін деп уайымдаған болатын. Шенеуніктер сол кезде барлығын түзетеміз деп сөз берген.