• Басты бет
  • Қоғам
  • Кенжекөл ауылының тұрғындары үшінші тәулік тіршілік нәрінсіз отыр

Кенжекөл ауылының тұрғындары үшінші тәулік тіршілік нәрінсіз отыр

Кайни Айткеновна Кенжекөл ауылында 20 жылдан аса тұрып келеді. Зейнеткердің айтуынша, биыл орталықтандырылған су жүйесінің мәселесі пайда болды. Күзде орын алған апат салдарынан бір апта бойы тіршілік нәрінсіз отырған болатын. Бүгінде кезекті рет су ажыратылды.

- Жұма күні түстен кейін су тоқтады. Содан мінеки, бүгін дүйсенбі әлі жоқ су. Енді айтқан жоқ. Кеш естідік. Ертерек айтса, мүмкін су толтырып алушы едік. Дүкеннен аламыз 5 литр 385 теңге. Өте қиын. Өткенде мына жер жарылып, 2-3 күн су болған жоқ. Онда күн жылы болды тасыдық. Ал енді міне автокөлікпен әкелеміз деген әкелген жоқ біздің жаққа. Ал акимат жаққа баруға бізге өте алыс, - деді Кенжекөл ауылының тұрғыны Кайни Айгожина.

Белгілі болғандай, Кенжекөл ауылының орталығында орналасқан желіде апат орын алған. Оқиға орнында алпауыт мамандары қазба жұмыстарына кірісті.

- Аталмыш жер телімінде диаметрі 100 мм құрайтын су құбырында олқылық анықталды. Бұл желі ескі деп танылған. 3 жыл бұрын біз жаңасын қолданысқа берген болатынбыз. Қазір біздің мамандар апат салдарын жоюға кірісті. Нақты мерзім қазба жұмыстарынан кейін белгілі болады. Барлығы аяқталғаннан кейін тұтынушыларға су беріледі, - деп атап өтті «Павлодар-Водоканал» ЖШС бас инженері Дмитрий Башкиров.

Су желісіндегі апат салдарынан ауылдың 72 үйі тіршілік нәрінсіз қалды. Алпауыт мамандары мұндай жағдай қайталанбас үшін тұрғындарға жаңа желіге қосылуға кеңес береді. Айтуларынша ол үшін құжаттама рәсімдеу үдерісін де жеңілдеткен.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.