КЭЗ Павлодарлық балаларға үлкен сыйлық жасады
Кәсіпорын қызметркерлері балаларға арналған ойын-сауық орындарын жаңарту туралы зауыт басшылығына өтінішпен жүгінді. Соңғы жылдары Лесная көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласындағы футбол алаңы тозып, торларында үлкен тесіктер пайда болған. Бұл өз кезегінде балақайлардың доп ойынына кедергі келтірген. Кәсіпорын басшылығы бастаманы қолдап, футбол алаңымен қатар, жақын маңайдағы балалар алаңы да күрделі жөндеуден өтті.
- Биыл «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның кәсіподақ комитеті және цех қызметкерлерінің көмегімен спорттық және балалар алаңын күрделі жөндеуден өткізу шешімін қабылдадық. Аталмыш көпқабатты үйлер 2012-ші жылы тапсырылғынына қарамастан, біз өз қызметкерлеріміздің ыңғайлығын ұмытпаудамыз. Өз күшімізбен көмек көрсетудеміз. Пандемияға байланысты кәсіпорында әлеуметтік бағдарламаларға қаражат үнемделді. Ол сомманы аталмыш балалар алаңының жөндеуіне жұмсауды шештік, - дейді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Серік Дөнбекбаев.
Бүгінде ауладағы кешендер жөндеуден өтті. Футбол алаңында жаңа барлық стандартқа сай жасыл жабын пайда болды. Жаңбыр суының мәселесі де шешімін тапты. Дренаж жүйесі алдын-ала қарастырылып, алаңда енді су жиналмайды. Сондай-ақ, футбол қақпалары мен қоршаулары берік дәнекерленді.
- Аталмыш спорт алаңы туралы айтатын болсақ, оның қоршау торлары және жасыл жабыны жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ, жаңбыр кезінде су жиналатын. Қазір барлық мәселе шешіліп, алаң жаңартылды. Айта кетсек, жөндеу жұмыстарына цех қызметкерлері белсенді қатысты. Олар торлы қоршауды және қақпаны дәнекерлеу жұмыстарын орындады, - деді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Александр Клименко.
Балалар алаңына да ерекше көңіл бөлінді. Бұрынғы әткеншектер мен құмсалғыштың орнына заманауи ойын кешендері орналастырылды. Ең бастысы балақайлардың қауіпсіздігі үшін алаңның жабыны жұмсақ тартанға ауыстырылды. Жаңа әткеншектер, өрмелеуге арналған құрылғылар және ата-аналардың ыңғайлығы үшін орындықтар қойылды.
- Балалар алаңының қазіргі жағдайы бізді ата-аналар ретіне қатты қуантуда. Балақайларымыздың қуанышында шек жоқ. Заманауи әткеншектер мен жұмсақ тартан жабыны олардың қауіпсіздігіне жақсы. Бізге барлығы ұнайды, - дейді Лаура Сейітжанова.
Күрделі жөндеуден өткен кешендер балақайлар үшін нағыз сыйлық. Енді олар жазғы демалыс уақытын пайдалы өткізе алады. Кәсіпорын қызметкерлері балалардың қуанышымен жағымды эмоциялары үшін ары қарай жұмыс жасауға дайын.
Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.