• Басты бет
  • Қоғам
  • Күннің тым жылы болуынан Павлодар көшелерінде кейбір ағаш бүршік жарған

Күннің тым жылы болуынан Павлодар көшелерінде кейбір ағаш бүршік жарған

Павлодар үшін қарашаның соңында сынап бағанының плюсті көрсетуі қалыптас тыс. Дегенмен биолог мамандар бұл заңдылықтың жылдар бойы жылжып, ұзарып келе жатқанын айтады. Алайда өсімдіктерге ауа райының бұндай тұрақсыздығы айтарлықтай әсер етеді екен.

-Бұл кезең әсіресе жеміс ағаштарына қауіпті. Алма, өрік, алша, алмұрт ағаштары әдетте жылы ауа райын жақсы көреді. Сондықтан күн райындағы мұндай тұрақсыздық оларға кері әсер етеді. Ал қаладағы көп жылдық ағаштар қатты зиян шекпейді. Себебі олар тұрақты қатты аяздар басталғанда ғана терең ұйқыға кетеді. Қазір олар сондай күн райын күту кезеңінде, - дейді сарапшы-биолог Татьяна Пономарева.

Дегенмен қылқан жапырақтылар үшін зардабы ауыр болуы мүмкін екенін жасырмады. Себебі олар қатты аяз түсіп, суық күндер тұрақтанғанда өздерінің бойынан арнайы май бөліп, біраз бозғыл тартып, жапырақтарын қорғауға кіріседі екен. Алайда қазіргі олардың сыртқы келбетіне қарап биолог ағаштар қысқа дайын емес дейді. Бұл осы ауа райының жылы болып тұруы салдарынан екенін жасырмады. Ал егер шыршалар өздерінің қорғаныш кейпіне енбесе, ары қарай қурап кетуі мүмкін. Соған қарамастан Татьяна Пономарева егер аяз болмай тұрып, жауыннан кейін қалың қар түсіп, жерді ақ ұлпа жапса, қорқатын ешнәрсе жоқ деп сендірді.

 

Роза Жомартқызы