Күзде қандай аурулар күшейеді?

 

Күз – жұқпалы және вирустық аурулар өршіп, созылмалы сырқаттар асқына түсетін кезең. Бұл кезде иммунитет біршама төмендейтіндіктен, әсіресе күзде көп кездесетін көптеген ауруларды елеусіз қалдыруға болмайдыдеп хабарлайды irbistv.kz. ақ халаттылардың ақпаратына сүйене отырып.

Әсіресе күздің ортасында тұмаудың ең қауіпті кезеңі басталады. Мұрыннан су ағу, тамақтың қарлығуы, жыбырлата қышуы да тұмаудың басты белгілері болып табылады. Тұмаумен ауырған бір адам айналасындағы 30-40 адамға вирус жұқтырады екен. Сондықтан одан сақтану үшін адам көп жерде жүрмеу керек. Тұмау вирусы өршіген кезде тазалық сақтаудың да мәні зор. Бұл уақытта сырттан келген кезде міндетті түрде қолыңызды жуыңыз, өйткені тұмау автобустағы орындық арқалығынан, ұстауға арналған темірлерінен де жұғады. Оның алдын алу үшін иммунитетті көтеретін тұнбалар мен дәрілер ішкен дұрыс. Ал тұмауратқан адаммен сөйлескенде, қашықтау жерде тұрыңыз.

Пиелонефрит – күз мезгілінде бастау алатын қуық ауруларының бір түрі. Ол көбіне гигиеналық тазалықты сақтамағандықтан пайда болады. Ал уақытында емдемесе асқынып, бүйрекке әсер ете бастайды. Пиелонефрит бүйрек ауруын қоздырған кезде адамның ыстығы көтеріліп, жүрегі айнып, басы ауырады. Кейде бұл ауру омыртқаның сегізкөзін қақсатып ауыртуы да мүмкін. Бұл аурудың алдын алу үшін әсіресе күзгі жаңбырда су болып қалмауды қарастыру керек. Аяқтан сыз бен суық өтпеуі де – басты мәселе. Таңғы және кешкі салқында жаурамау да назарда болғаны дұрыс.
Ларингит – адамның тамағы қатты суықтаған кезде пайда болатын ауру. Бұл кезде науқастың тамағы қырылдап, дауысы шықпай қалады. Мұрынның ішкі жағы ашып ауырады және басты да мең-зең етіп жібереді. Құлақ шыңылдап, ыстық көтерілуі де мүмкін. Мұндайда бас айналып, тамаққа деген тәбет болмайды. Ал ауыздан ыстық леп білінеді.
Ларингит балаларда өте ауыр жағдайда өтуі мүмкін. Дұрыс күтінбеген жағдайда ол созылмалы түрге ұласып кетеді. Сондықтан күн салқындағаннан бастап дұрыс тамақтанып, газды және мұздай сусындардан аулақ болған дұрыс.

Күзде күннің қысқаруы, ауаның салқындауы мен күн сәулесіндегі ультрафиолеттің азаюы адам ағзасына тікелей әсер етеді. Бұл кезде адамның көңіл-күйі болмай, тез ашуланғыш болып келеді.
Ал ашық-шашық киіну адамды цистит ауруына шалдықтырады. Адамның жаурап жүруі ағзадағы патологиялық флораның өсімін арттырып жібереді. Мұның соңы алуан түрлі ісік ауруларымен аяқталуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда. Кез келген аурудан сақтану үшін салауатты өмір салтын ұстанып, мамандардың кеңесіне құлақ түрген жөн.

Фото: Freepik.com