Көктем келе павлодарлық құтқарушылардың жұмысы артпақ

Себебі күн қаты жылынбаса да мұздың құрылымы тез өзгереді. Ал бұл жағдайда суға кету қаупі жоғары. Қазіргі таңда Усолка су айдынындағы мұздың қалыңдығы 50-55 сантиметр құрайды. Кей жерлерде 40-45. Әдетте балықшылар Усолка мөлтекауданында, Ақсу, Екібастұз және Баянауылдағы су айдындарында кәсіп қылғанды ұнатады дейді құтқарушылар.

 

- Мен өз шамамды білемін. Алты жыл болды балық аулап жүргеніме. Өзім ұнататын Усолкадан әрі бармаймын. Себебі күн жылына бастаған кезде мұздың қалың, жұқа екені білінбей қалады, - дейді балықшы Михаил Нужда.

 

Бұған қарамастан құтқарушылар балықшыларды үнемі қауіпсіздік туралы ескертеді. Әсіресе көктем жақындап, күн ысыған кезде су астына кететіндер аз болмайды

 

- Су айдындарындағы қағидалар негізінде мұздың қалыңдығы 10 сантиметрден жоғары болса және оның құрамы қатты болса, ол мұзға шығуға болады. 10 сантиметрге дейін жаяу жүруге болмайды. Енді автокөліктер туралы айтатын болсақ белгілі өткелдерде ғана автокөліктермен жүруге болады. Басқа жерлерде рұқсат етілмейді, - дейді Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Теміржан Таңжанов.

 

Наурыздың 1-нен бастап құтқарушылар алдын алу шаралары күшейтілетінін жеткізді. Себебі ауа райы қанша салқын болса да су астындағы қатты ағын мен күннің қызуы мұз құрылымының тез өзгеруіне әкеледі.

 

Авторы: Бибігүл Хамитқызы