• Басты бет
  • Қоғам
  • Лаундж-бардан кейін ауруханаға тап болған 24 жасар павлодарлық көз жұмды

Лаундж-бардан кейін ауруханаға тап болған 24 жасар павлодарлық көз жұмды

Әлішер Советхан ауруханаға жұмбақ жағдайда түскен. Мамыр айының соңында туысқаны балалы болып, соны тойлауға барып, дәмханадан аман шықпады. Басынан ауыр жарақат алған Әлішер комада жатып, коронавирус жұқтырған соң  жағдайы нашарлап кеткен. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, бүгін көз жұмғаны белгілі болды.

 

- Егер коронавирус болмаса, егер оған індетті жұқтырып алмағанда ол өлмес пе еді. Біз онда бәрі жақсы болады деп ойладық. Ал шындығында одан айрылып қалдық, - дейді Әлішер Советханның әкесі Марат Жұмаділов.

 

 

Жігіттің әкесі ауруханаға түскен кезде Әлішерден коронавирусқа тест алған дейді. Сол кезде індет анықталмаған. Ал өткен сенбіде туыстарына өкпесі 44 пайызға зақымданғанын, әрі өкпе қабынуы деген диагноз қойылғанын хабарлапты. Бұл жолы одан COVID-19 анықталған.

 

- Артында екі жастағы баласы әйелі орындалмаған мақсаттары мен армандары қалды. Әрі қарай не айтарымды білмеймін, - дейді әкесі.

 

- Сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Ол арқылы өлім себебі анықталады. Тірі кезінде коронавирус індеті бар екені расталды, - дейді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

 

 Айта кетсек, ауруханаға түскен кезде 24 жасар Әлішердің үш қабырғасы, жамбас сүйегі сынып, сол жақ денесі соғылған болған. Бұған дейін полицияда қылмыстық іс қозғалып, дәмханадағы оқиғаға қатысы барлар анықталғанын хабарлаған еді.