Ленин кентіндегі үйлердің бау-бақшасы су астында қалды
Евгенийдің айтуынша бұл мәселе соңғы бес жылда шешімін таппай келеді. Барлығы мына жаңа баспаналардың құрылысынан кейін басталған. Алғашқыда осы ретсіз салынған үйлерді су баспас үшін арғы жағын жасанды бөгетпен қоршаған. Оларға өтетін жол салып, астынан су өткізетін құбырлар орнатқан. Нәтижесінде Ертіс өзені тасыған кезде ескі ғимараттарға келетін су артқа кетпей қалып қояды екен. Олардың қатарында Евгений тұратын Комарова көшесі бар.
- Енді ол жаңа үйлерді су баспайды. Себебі арғы жағында жасанды бөгет бар. Есесіне біздің бау бақшадан су кетпей қалады. Біз маусым айының ортасына дейін су кеткенше, жер кепкенше бақшаны пайдалана алмаймыз. Не картоп, не басқа жеміс-көкөністі егу мүмкін емес. Бұл жер батпаққа айналып кетеді. Мен бұл жер үшін салық төлеймін! Неге мен оны тиісінше пайдалана алмаймын, - Ленин кентінің тұрғыны Евгений Дьячков.
Евгенийдің айтуынша су кері ағып кетуі тиіс. Ал мына құбырлар тым жоғары орналасқан. Салдарынан осы маңдағы елу шақты үйдің тұрғындары жапа шегіп отыр. Барлығы қол жинап ТЖД де, әкімдікке де жүгінген. Алайда мәселе шешілетін емес.
- Маған су өткізу құбырларында қандай да бір шлюз орнату мүмкін емес деген жауап айтты. Себебі құбырды жауып тастасақ жолды су шайып кетеді деді. Енді бұл мәселе қалай да шешілу керек қой, - деді кент тұрғыны.
Евгений даулы мәселе биыл шешілмесе де алдағы уақытта судың арнасын бұратын жол табылады деген үмітте. Ал Павлодар қаласының әкімдігінде осы орайда арнайы комиссия құрылатынын айтты.
- Павлодар қаласы әкімі аппаратының ТЖ жөніндегі бөлім мамандары оқиға орнына барып, су деңгейін өлшейді. Егер ол шамадан тыс болса шара қабылданады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша жағдай тұрақты. Олардың бау-бақшасы орналасқан жайылма орындарда су жыл сайын көтеріледі, - дейді.
Қалалық әкімдікте тұрғындарға бау бақшаға көкөніс отырғызу мерзімін жайылмадағы су кеткенше шегеруге кеңес берді. Ал Ленин кентінің тұрғындары өздеріне тиесілі жер телімін барынша, әрі уақытында пайдалануды қалайды.

