Лудомания – ортақ мәселе. Мемлекет, отбасы және қоғам тәуелділікпен бірге күресуі керек
Қазақстанда құмар ойындарға қатысуды ерікті түрде шектеу бойынша 538 мыңнан астам өтініш берілген. 275 мыңға жуық шектеу әлі де күшінде. Алты мыңнан астам мектеп ойынға тәуелділіктің алдын алу шараларын тәрбие бағдарламаларына енгізген.
Бұл мәселенің ауқымы ойыншылардың өзімен ғана шектелмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректеріне сәйкес, құмар ойындарға қатысуы жоғары қауіп төндіретін бір адам айналасындағы орта есеппен тағы алты адамның өміріне кері әсер етеді.
Қаржылық шығындар, отбасылық кикілжіңдер, қарыздар мен психологиялық қиындықтар тәуелді адамның өзіне ғана емес, оның жақындарына да әсер етеді. Сондықтан лудомания бүгінде адамның жеке жауапкершілігіне қатысты мәселе ғана емес, қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде қарастырылып келеді.
Мемлекеттік шектеулер неліктен жеткіліксіз?
2024 жылғы мамырда Қазақстан Үкіметі заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Оны іске асыруға 12 орталық мемлекеттік орган, Ұлттық Банк, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және жергілікті атқарушы органдар қатысуда.
Жоспар ойынға тәуелділіктің алдын алуға, оны анықтауға, емдеуге, оңалтуға және ойын бизнесін реттеуге бағытталған 28 іс-шараны қамтиды.
Алайда ең қатаң шектеулердің өзі тәуелділіктің психологиялық себептерін жоя алмайды. Адам букмекерлік платформаға қол жеткізу мүмкіндігінен айырылғанымен, оның ойынға деген құштарлығы сақталуы мүмкін.
Сондықтан мемлекеттік шаралар кәсіби көмекпен, отбасының қолдауымен және халық арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыстармен толықтырылуы тиіс.
Маңыздысы – адамның кезекті бәс тігуіне тосқауыл қою ғана емес, оның бұрынғы әдетіне қайта оралмауына көмектесу.
Отбасы мен білім беру жүйесі – алдын алу жұмыстарының алғашқы буыны
Ойынға тәуелділік ұзақ уақыт бойы байқалмауы мүмкін. Адам жұмысын жалғастырып, қалыпты өмір сүріп жүргендей көрінгенімен, қарыздарын, қаржылық қиындықтарын және ұтылған ақшасын қайтару үшін қайта-қайта бәс тігіп жүргенін жасыруы мүмкін.
Алаңдатарлық өзгерістерді көбіне жақындары бірінші болып байқайды. Алайда отбасының міндеті – адамды кінәлау емес, оған мәселені мойындауға және маманның көмегіне жүгінуге қолдау көрсету. Бұл ретте қолдау көрсету оның қарыздарын үнемі өтеп беруге ұласпауы тиіс.
Жастар арасында профилактикалық жұмыс жүргізудің де маңызы зор. Қазақстанда алты мыңнан астам мектеп ойынға және интернетке тәуелділік мәселелерін тәрбие жұмысына енгізсе, 800-ден астам педагог пен психолог тиісті оқудан өткен. Дегенмен профилактикалық дәрістер өткізумен ғана шектелуге болмайды. Жастарға букмекерлік бәс тігудің қалай жүзеге асырылатынын, алдыңғы ұтылыстың келесі жолы жеңіске жету ықтималдығын арттырмайтынын және тәуелділіктің қалай қалыптасатынын түсіндіру қажет.
Бұл бағытта білім беру ұйымдары мен ата-аналардың бірлескен жұмысы маңызды. Мектеп қажетті білім береді, отбасы сол білімді бекітуге көмектеседі, ал мамандар тәуелділіктің алғашқы белгілері байқалған кезде қолдау көрсетеді.
Қоғам да жауапкершілік танытуы тиіс
ДДСҰ деректеріне сәйкес, ойын индустриясының ойыншылардың ұтылуынан түсетін табысының шамамен 60%-ы құмар ойындардан елеулі зардап шегіп жүрген адамдардың үлесіне тиесілі. Алайда қоғамдық кеңістікте қарыздар мен шаңырағы шайқалған отбасыларға қарағанда, ірі ұтыстар туралы әлдеқайда жиі айтылады. Сондықтан профилактикалық жұмыстарға журналистер, блогерлер, спорт ұйымдары, жұмыс берушілер және қоғамдық бірлестіктер де атсалысуы қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдары тәуелділіктің нақты салдары туралы ақпарат тарата алады, спорт қауымдастығы бәс тігуді дәріптемейтін спорт мәдениетін қалыптастыра алады, жұмыс берушілер қызметкерлеріне қолжетімді көмек түрлері туралы ақпарат бере алады, ал қоғамдық ұйымдар азаматтар мен олардың отбасыларына қолдау көрсете алады.
Қазақстанда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сәйкес, діни бірлестіктердің қатысуымен төрт мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізіліп, бір миллионнан астам адам қамтылған.
Алайда басты міндет – бәс тігудің қауіптілігі туралы ескертіп қана қоймай, адамдар көмекке жүгінуден қорықпауы үшін қоғамның тәуелділікке деген көзқарасын өзгерту.
ҚОМТО – азаматтарды қорғаудың ортақ жүйесінің бір бөлігі
Профилактикалық жұмыстарда Бірыңғай есепке алу жүйесінің операторы – Құмар ойындарды мониторингілеу және талдау орталығы (ҚОМТО) маңызды рөл атқарады.
Цифрлық инфрақұрылым заңнамада көзделген операцияларды есепке алуды және заңды букмекерлік қызмет саласында белгіленген шектеулердің қолданылуын қамтамасыз етеді.
Бүгінде 21 жастан асқан азаматтар eGov Mobile қосымшасы арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын алты айдан он жылға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектей алады.
Бірыңғай есепке алу жүйесі (БЕЖ) құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға қатысты заңнамада белгіленген шектеулердің сақталуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Жүйе өзіне ерікті түрде шектеу қойған азаматтардан, заңнамада көзделген тыйым қолданылатын борышкерлерден, сондай-ақ бас бостандығын шектеу жазасына сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдардан төлем қабылдауға тосқауыл қояды. Құмар ойындардан ерікті түрде бас тартқан азаматтар үшін төлемдерді бұғаттау белгіленген шектеуді сақтауға көмектесіп, қайтадан бәс тігу қаупін төмендетеді.
Сонымен қатар ҚОМТО заңсыз ойын қызметінің белгілері бар интернет-ресурстарға мониторинг жүргізіп, тиісті ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайды. Бұл ретте Орталықтың қызметі тек технологиялық шешімдермен шектелмейді. Ресми сайтта ойынға тәуелділіктің белгілері, ерікті түрде шектеу қою, тәуекелдерді бағалау және психологиялық көмек алу мүмкіндіктері туралы материалдар жарияланған.
Осылайша, ҚОМТО профилактикалық жұмыстардың технологиялық және ақпараттық бағыттарын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік органдардың, медицина мамандарының, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың қызметін толықтырады.
Неліктен бірлесіп әрекет ету маңызды?
Бұл жүйеге қатысушылардың әрқайсысы өз міндетін атқарады. Мемлекет қағидалар мен шектеулерді белгілейді. ҚОМТО олардың орындалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Отбасы алаңдатарлық өзгерістерді байқайды. Білім беру мекемелері тәуекелдердің алдын алады. Медицина мамандары емдеумен айналысса, қоғамдық ұйымдар адамдарға қажетті қолдау алуға көмектеседі. Алайда нақты нәтиже осы тетіктердің қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтініне байланысты.
Бәс тігуге қолжетімділікті бұғаттау – тәуелділікті жеңу деген сөз емес. Профилактикалық дәріс өткізу де тәуелділіктің алдын алуға кепілдік бермейді.
Сондықтан басты міндет – қорғаудың жекелеген тетіктерін дамыту ғана емес, мемлекет, отбасы және қоғамның күш-жігерін біріктіру. Өйткені тиімді профилактика алғашқы елеулі шығынға ұшырамай тұрып басталады және адам құмар ойындардан бас тартуға шешім қабылдағаннан кейін де жалғасуы тиіс.

