Мас күйінде көлік жүргізген әкім қызметінен кетпейді

Май ауданындағы Ақжар ауылының әкімі көршілес Курчатов қаласында мас күйінде көлік айдап, 15 күнге қамауға алынған еді. Бұдан бөлек, 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бүгін бұл іс облыстық этика жөніндегі кеңестің онлайн отырысында талқыланды. Елді мекен тұрғындары мемлекеттік қызметте 18 жыл істеген азаматқа рақымшылық танытуды сұраса, екіншілері қатаң шешімді талап етті. Жазықты кеңестен кешірім сұрап, ешқашан ішімдікке жолаймаймын деп уәде берді.

 

- Заңгерлер жеңіл және орташа масаң күйде болу деген ұғымдармен жақсы таныс. Бұл кісі мас бола отырып, көлік жүргізген. Қайта, ешкім зардап шекпегендігі қуантады. Сол себепті мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені және ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін теріс себептермен жұмыстан шығару шешімін жөн деп санаймын, - деді Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Айдар Тастеміров.

 

- Өз ісіме қатты өкінемін. Шынында да, өмірлік сабақ болды. Өзім 4 баланың әкесімін, 5-ші сәбиіміз дүниеге келеді деп күтіп отырмыз. Алдағы уақытта бұндай іс-әрекет жасамауға кепілдік етемін. Шешім қабылдағанда, осы жайттарды ескерулеріңізді өтінемін. Бұл маған сабақ болды. Бұндай әрекетке бармайтыныма толық сендіремін, - Ақжар ауылының әкімі Серік Құсайынов.

 

Дауысқа салу нәтижесінде, олқылық танытқан ауыл әкімі қызметін босатпайтын болды. Оған толық емес қызметтік сәйкестік жауапкешілікке тарту шешімі шығарылды. Этика жөніндегі кеңес Екібастұз білім беру бөлімі басшысына қатысты істі де қарастырды. Лауазымды тұлға жақында ғана тәртіптік жазаға тартылып, осы жолы тексеріс жүргізбей, қол астындағы қызметкерлеріне сөгіс жариялауды әдетке айналдырған көрінеді. Кеңес оның лауазымын төмендету шешімін шығарды.