Мазасыз көршілерге 18 000 теңгеден астам айыппұл салынды

Павлодар қаласындағы Толстой көшесінің тұрғындары көршілерінің музыканы қатты тыңдайтындығына шағымданған. Тәртіп сақшыларының айтуынша олар демалыс күндері ылғи басқосулар жасаса, таң атпай үй жинап, шаңсорғышпен жұмыс жасай бастайды екен.

Тағы сондай жағдай Құдайбердиев көшесіндегі үйлердің бірінен түнгі 01:30-да келіп түскен. Олар көрші пәтердегілер портативті динамик арқылы қатты ән тыңдайтындығын жеткізіпті. Тексеру барысында ақпарат расталып, учаскелік полицей хаттама толтырған.

Полицейлер түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК мөлшерінде, яғни 18460 теңге айыппұл салынатынын еске салады. Ал бір жыл ішінде қайтадан бұзылған жағдайда - 10 АЕК құрайды. Жұмыс күндері 22:00-ден 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты сақтау қажет.